ҚМДБ төрағасы медицина қызметкерлерімен кездесті (ФОТО)

23 қазан 2020 2896 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Талдықорған қаласына сапары барысында жаңадан ашылған облыстық инфекциялық аурухананың медицина қызметкерлерімен кездесті.

Бас мүфти өзіне жүктелген жауапкершілікті жанына серік етіп, індет кезінде тайсалмай қызмет еткені үшін ақ халатты абзал жандарға алғысын білдірді.

– Дәрігерлеріміздің қадірін биылғы індет кезінде айқын ұғындық. Коронавируспен күрес кезінде күн демей, түн демей кезекшілікте болып, отбасынан жырақта жүріп қызмет еттіңіздер. Науқастарды қабылдаудан бастап, олардың көңіліне қаяу түсірмей, барынша қолдау білдіруге тырыстыңыздар. Бір сағат медициналық қолғап киеміз деп қолымыздың терісі көрініп қалды. Сіздер вирустан сақтайтын арнайы қорғаныш киімін де тәулік бойы киіп жүруге мәжбүр болдыңыздар. Ауа өткізбейтін формамен жүру, көздің астын қажайтын медициналық бетперде тағу, әсте оңай емес. Тіпті қыз-келіншек медбикелерге оңай болған жоқ. Отбасы, үйдегілерге тамақ беру, науқастың жағдайын жасау. Сіздердің еңбектеріңізді Президенттің өзі ескеріп, жалақы мен жағдай жасау қажеттігін айтты.

«Кім жазықсыз жанды немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен тең» делінсе, «және кім оны тірілтсе, барлық адамды тірілткенмен тең» делінеді. Міне Сіздер қаншама жанға Алланың қалауымен себепкер боп жанына араша болдыңыздар. Алла Сіздерге мол денсаулық, сауапты ғұмыр нәсіп етсін, - деді Бас мүфти.

Бұдан кейін ҚМДБ төрағасы аталмыш ауруханаға 17 пульсоксиметр мен 1 оттегі концентраторын табыс етті. Сондай-ақ індет кезінде аянбай тер төккен медицина қызметкерлеріне алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру