ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ҚАЖЫЛАРДЫ ҰЛЫ САПАРҒА ШЫҒАРЫП САЛДЫ

18 мамыр 2026 119 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Астанадағы халықаралық әуежайдан қажыларымыздың кезекті легін қасиетті мекенге шығарып салды. 

Шығарып салу рәсімінде Бас мүфти қажылармен жүздесіп, бесінші парыздың исламдағы орны мен маңызына тоқталды. 

«Алланың қасиетті үйіне бет түзеп, ұлы сапарға аттанғалы отырған баршаңызға Жаратушы Иеміз амандық, саулық, мол рухани қуат нәсіп етсін! Ұлы Раббымыз бұл сапарларыңызды жеңіл әрі қайырлы етіп, жасаған қажылықтарыңызды қабыл болған қажылықтардың қатарына қосқай. Ниеттеріңізді таза, жүректеріңізді нұрлы, қадамдарыңызды берекелі етсін.  

Шамасы жеткен әрбір мұсылманға өмірінде бір рет қажылық жасау – парыз. Қажылықтың парыз екендігі жайында Құран мен сүннетте анық айтылған.  

Бұл жайында Алла Тағала Құранда былай деген: «Алланың үйін зиярат етуге шамасы келетін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы... » («Әли Имран» сүресі, 97 аят).

Аллаға шүкір, елімізде қажылық парызын өтеп келушілердің саны жыл сайын артып келеді. Діні мен дәстүрін ардақтай білген ата-бабаларымыз қажылық сапарын ұлықтап «Ұлы сапар» деп атаған. Оған барып, мұсылмандық парызын өтеп келген адамды «Қажы» деп сыйлап, батасын алуға тырысқан. Бұл – қазақ халқының Алланың хақ дініне деген құрметі мен ыстық ықыласының дәлелі» деді ҚМДБ Төрағасы. 

Айта кетейік, биыл 4000 отандасымыз қажылық парызын өтейді. Оларға лицензиясы бар 14 қажылық компаниясы қызмет көрсетеді. ҚМДБ жанынан құрылған Қазақстан Қажылық миссиясы ұйымдастыру-үйлестіру, алғашқы медициналық көмек, уағыз-насихат, пәтуа беру және ақпарат тарату сынды бес бағытта қажыларға қызмет көрсетеді.












Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру