ҚМДБ: ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАУҒА АРНАЛҒАН ТӨРАЛҚА МӘЖІЛІСІ БАСТАЛДЫ (ФОТО)
Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен 2025 жылды қорытындылауға арналған Төралқа мәжілісі басталды.
Жиын қасиетті Құран Кәрім аяттарын оқумен ашылып, Бас мүфти ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға тіледі. Сондай-ақ, ҚМДБ Төрағасы еліміздің әр өңірінен келген өкілдіктердің бас имамдары мен дін қызметкерлерінің бір жыл бойы атқарған еңбегіне оң баға беріп, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.
Бас мүфти өз сөзінде жыл басында барша дін қызметкерлеріне жолданған дәстүрлі «Бағдарлық баяндаманы» аясында діни салада басымдық берілетін төрт бағыт бекітілгенін атап өтті. Сондай-ақ жылдық жоспармен қатар «Айтулы шаралар» жоспары белгіленіп, нақты міндеттер жүктелгенін жеткізді. 2025 жылдың діни сала аясында «Ислам және отбасы құндылығы» жылы болып жарияланғаны да ерекше аталып өтілді.
«Аллаға шүкір, биыл Астанада VI Республикалық имамдар форумын сәтті өткізіп алдық. Форумда отбасы құндылығына, Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеуге қатысты бірқатар құжаттар қабылдадық. Қарилар алқасын құрып, халықаралық және республикалық деңгейде Құран жарысын абыроймен өткіздік. Бірқатар мұсылман мемлекеттерімен ортақ меморандумдарға қол қойылды. Доха қаласында Қатар Даму қорымен жасалған келісім нәтижесінде Астанадағы «Әбу Наср әл-Фараби» мешітін қайта жаңғыртуға және рухани орталық салуға қол жеткіздік», - деді Бас мүфти.
Сондай-ақ «Мүфтият» баспасынан «Ислам энциклопедиясы» кітабының 2–3 томдары жарық көрді. Дін қызметкерлері арасында «Әдемі әуезді азаншы», «Үздік имам» атты интеллектуалдық білім сайыстары ұйымдастырылды. Бұдан өзге де бірқатар маңызды іс-шаралар табысты жүзеге асты.
Бас мүфти аталған игі бастамалардың нәтижелі орындалуына Орталық аппарат қызметкерлері, облыс бас имамдары мен барша дін қызметкерлерінің сүбелі үлес қосқанын атап өтіп, алғыс білдірді.
Айта кетейік, мәжіліс аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының еліміздің әр өңіріндегі өкілдіктерінің бас имамдары 2025 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп береді.










