РӘТБЕК ҚАЖЫ НЫСАНБАЙҰЛЫ «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ ЖҰМА НАМАЗЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)
Белгілі дін қайраткері, абыз ақсақал Рәтбек қажы Нысанбайұлы «Әзірет Сұлтан» мешітіне келіп жұма намазына қатысты.
Астана қаласының Бас имамы Ерболат Жүсіпов «Әзірет Сұлтанға» арнайы ат басын бұрып келіп отырған көпті көрген ардақты қарияны зор құрметпен қарсы алды. Намазға жиналған жамағат сәлем беріп, дін зиялысының батасын алды. Рәтбек қажы мешітке келген қауымға ізгі тілегін білдіріп, бірлік пен ынтымақтың, имандылық пен сабырдың маңыздылығы жөнінде қысқаша насихат айтты.
Жұма намазы барысында ол еліміздің амандығы, халқымыздың бірлігі мен тыныштығы үшін дұға жасап, жастарды ата-баба дәстүрін, ұлттық құндылықтар мен діннің асыл қағидаларын ұстануға шақырды.
Намаздан кейін жамағат Рәтбек қажымен естелік суретке түсіп, рухани сұхбат құруға мүмкіндік алды. Кездесу жиналған қауымға үлкен рухани әсер сыйлап, көпшілік ақсақалға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілеп тарқасты.








