Университет жанынан «NM Collection» шеберханасы ашылды (ФОТО)

16 ақпан 2021 3041 0
Оқу режимі

Нұр-Мүбарак университетінде көптен күткен сүйінші жаңалықтың тұсауы кесілді. Университет жанынан студент қыз-келіншектерді шеберлікке, тігінге баулитын кәсіби жабдықталған «NM collection» шеберханасы ашылды.

– Құлшылық әуретті жабудан басталады. Ал тігіншілікпен айналысу  – уәжіп. Сондықтан биыл оқу орнымыздың 20 жылдығына орай университеттің Тәрбие және әлеуметтік даму департаменті, бас маман Гүлвира Заурбекова ұстаз ұйытқы болып, тұсауы кесіліп жатқан тігін цехы қыз балалардың болашағына үлкен үлес қосатын шеберхана болады деп сенеміз. Біздің білім алушы қыз-келіншектеріміз тек білім алумен шектелмей, он саусағынан өнері тамған шебер болса деген ниетіміз бар еді. Сол мақсатты іске асыруға қолдау көрсеткен белсенді қазақ қыздарына алғыс айтамын, – деді проректор, доцент Қайрат Құрманбаев алғысөз барысында. 

Ал шеберханаға шашу шаша келген Білім беру ісінің үздігі, «Алтын арқау» мәдени-этнографиялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, қазақ кимешегінің насихатшысы Ғалия Қайдауылқызы шексіз ризалығын білдірді.

– Аңсаған армандаған нәрсеге қолымыз жеткенде бағалай алмай жатамыз. Өзі бола қалғандай, бұрыннан қазып қойған қазына, көміп қойған көмбені ашып ала салған сияқты болып, оның артындағы үлкен еңбектің бары анық. Ақиқатында, қазақтың кең пейілі, таза көңілі үшін де болар, Алла Тағала дінімізбен қауыштырып, осындай Нұр-Мүбарак университетінің елімізде болуы үлкен нығмет. Шеберхана қыздарымыздың шебер, өнерлі болуына бастайтын берекелі шаңырақ болсын! – деп батасын жаудырды.  

Университет басшылығы тігін шеберханасының ашылуына атсалысқан  аяулы жандарға алғыс хат беріп, сыйкәде жасады. Қадірлі қонақтар атынан сөз сөйлеген белгілі психолог Балқия Балтабай осындай қайырымды іске жұмыла кіріскен жандарға алғыс білдіріп, жаңа шеберханаға сәттілік тіледі.

Қазақтың күмбір күйі әуелеген аппақ тігін шеберхананың тізгінін қолға алған шебер тігінші Сандуғаш Жолдубаева алғашқы тапсырыстарды да қабылдап үлгерді.

Дереккөз: Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру