Жыныстық қатынас кезде өзгені қиялдау күнә ма?

08 қаңтар 2019 11322 0
Оқу режимі

Сәлеметсіздер ме? Күйеуіммен жыныстық қатынас барысында, өзге еркекті ойлап кетемін кейде. Осыным күнә ма? 


Жауап

Сәлеметпіз. Сіздің сұрағыңызға тікелей жауап бермес бұрын адамның ойына келетін қиял мәселесіне бір тоқталып өтсек. Имам Нәуаи (р.а) жалпы адам қиялы туралы: «Егер адам ақылына тұрақсыз ойлар келіп-кетіп жатса, онда ол ой адамға еш зиянын келтірмейді. Бұған ғалымдар бір ауыздан келіскен де. Себебі, адам ол сынды ойларды бақылап тұра алмайды. Ол сынды ойлардың келуіне де тосқауыл бола алмайды»[1],– деген.

Имам Нәуаидің бұл сөзі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с):

إِنَّ اللَّهَ تَجَاوَزَ لأُمَّتِي مَا حَدَّثَتْ بِهِ أَنفُسَهَا مَا لَمْ يَتَكَلَّمُوا أَوْ يَعمَلُوا بِهِ

«Расында, Алла менің үмметімнің сөзге ұласып, амалға аспаған, тек ойымен ғана шектелген нәрселер үшін кешіріммен қарады»[2],– деген хадисіне сүйенген.

Ал, енді сіздің сұрағыңыздай айтылғандай адам өз ақылында өзі қалыптастыратын қиялға келсек, жалпы ғалымдар, оның ішінде Ханафи мәзһабының ғұламалары қиялдаудың бұл түрін күнә деп таныған. Бұл сөзімізді ғалымдарымыздың келесі сөздерімен өрбітсек:

Ханафи мәзһабының ірі өкілі Ибн Абидин (р.а) айтады: «Біздің мәзһабтың қағидаларына ең жақыны – бұл нәрсенің халал еместігі. Себебі, қатынас кезінде жұбайын бөтен адам деп қиялдау – әйелінің халал тәні арқылы күнәлі істі қиялдау болып табылады».[3]

Мәлики мәзһабының ғалымы Ибн Хаж әл-Мәлики (р.а): «Ондай қиялды өз бойында іспен, өзгелердің жанында сөзбен қоштамауы керек. Бұл сынды жиіркенішті іс адамдар арасында көп байқалатын болған. Оның мысалы: бір адам екінші бір әйелді көріп, сүйсінгенінен кейін, үйіне келіп өз әйелімен қосылғанда, әйелін әлгі бөтен әйел деп қиялдауы. Бұл – зинаның бір түрі. Ғалымдарымыз бұның мысалын қолына бір ыдысты алып су ішкен адамға теңеген. Әлгі адам қолына алған ыдыстағы суды шарап деп қиялдап ішсе, ондағы су ол үшін харамға айналады. Бұл да сол сияқты. Қиялдаудың бұл түрі тек еркектерге тән емес. Әйелдер де бұл тұста еркектер сынды...»[4], – дейді.

Ханбали мәзхабының ғалымы Ибн Муфлих Ханбали (р.а) бұл мәселе бойынша былай дейді: «Ибн Ақил (р.а) «әр-Риғая әл-кубра» атты еңбегінде: Егер әйелімен қосылу барысында өзіне харам болған басқа әйелді қиялдайтын болса, күнә жасаған болады. Ал, егер тұрақсыз ой болса, көбіне күнә болмайды».[5]

Имам Нәуаи (р.а) айтады: «Ойға келетін тұрақсыз ойларға кешірім жасалуының себебі – ол ойлардан қашып болмайтындығынан. Алайда, ол ойлардың үнемі келе беруінен сақтануға болады. Сол үшін де жиі қиялдау мен жүректі соған дағдыландыру харам болады»[6].

Бұл сынды қиялдармен сынаққа ұшыраған адам келесі кеңестерге сүйенсе болады:

  • Осы қиялдарға жетелейтін кино, сериал, романтикалық кітап, газет-журнал, әңгімелерден алыс болу. Имам Ғазали (р.а) айтады: «Қандай да бір орынсыз ойдың емі – оған апаратын жолды жауып тастау. Яғни, ол ойға апаратын себептерді тоқтату. Егер себеп тыйылмаса оның салдары жалғасын таба бермек»[7].
  • Белгілі дұғаларды, оның ішінде жыныстық қатынасқа қатысты дұғаларды оқу. Мысалға:

الَّلهُمَّ جَنِّبْنَا الشَّيْطَانَ ، وَجَنِّبِ الشَّيطَانَ مَا رَزَقتَنَا

«Уа, Алла! Біге шайтанды жуытпа, әрі шайтанды бізге берген ризығыңа (балаға) жуытпа»[8] деген сынды дұғалар.

  • Қиялдағы ләззатты қолда бар ләззатпен айырбастамауы. Себебі, ерлі-зайыптының әрқайсысының бір-бірін толық қамтамасыз ететін нәрселері бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтады:

إذا رأى أحدكم امرأة حسناء فأعجبته فليأت أهله، فإن البضع واحد ومعها مثل الذي معها

«Егер қайсы бірің әдемі әйелді көріп, оның сұлулығына тәнті болса, үйіне (әйеліне) барсын, себебі күнтимес бірдей-ақ, ода бары онда да бар»[9]. Бұл тұста еркек пен әйел бірдей.

  • Еріңіз де сіз сияқты қиялдаса, сізбен бола тұра өзгені армандаса, әлбетте бұл жәйт сізді разы қылмасы хақ. Ендеше, өзіңізге қаламағанды өзгеге де қаламаңыз.
  • Сенімді әрі сізге насихат айтып туралыққа бастайды-ау деген адамыңызбен ақылдасып көріңіз.

 

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] «Әзкар» атты кітабынан.
[2] Бухари, Муслим.
[3] Хашият Ибн Абидин.
[4] Мәдхал
[5] Әл-Әдәб әш-шарғия
[6] Әзкар
[7] Ихия улумид-дин
[8] Бухари, Муслим
[9] Тарих Бағдади, Суюти

Пікірлер Кіру