Құранда динозаврлар туралы айтылған ба?

20 қаңтар 2020 10448 0
Оқу режимі

Ассаламуғалейкум! Ислам ғалымдары Құранда бәрі бар дейді. Егер, дін дұшпандары және дінге сенбейтін философтар: «Сендердің Құрандарыңда барлық нәрсе қамтылған болса, онда динозавр туралы айтылған ба?» - десе, қалай жауап береміз. Жауап бере алмай, Құранда немесе хадистерде бұл жайлы айтылмаған десек, Ислам ғалымдары өтірік айтқан бола ма? Осындай сұрақ қойғаныма айып етпеңіздер. Әр нәрсенің нақты жауабын «Исламнан» табатындығыма сенемін. Мен ойласам, Құран мен хадистерде айтылып кеткен болуы мүмкін ғой. Бұны тарқатып, дәлелдеп айтып берсеңіздер. Қысқасы, динозаврлар туралы Ислам қандай дәйек айтады? Бейбарыс Сұлтан


Жауап

Уағалейкум әссәләм! Құрметті Сұлтан, Құранда барлық нәрсе қамтылған болса, ол бір томдық емес, мың томдық кітап болар еді. Құран - ғылыми кітап емес. Құранның мақсаты – адамдарға табиғаттануды, физиканы, математиканы, астрономияны т.б. ғылымдарды таныту емес. Оның мақсаты - жаратушысын таныту, өмірде ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін көрсету, ақ пен қараны айыру және ең бастысы, адамның шынайы болмысын ояту болып табылады.

Әрине, Құранда оқып-білуге итермелейтін, ғылыми зерттеулерді жүргізуге шақыратын аяттар бар. Тіпті, кейбір ғылыми жаңалықтарға ишара етіп кеткен жерлері де аз емес. Дегенмен де, Құран, ең әуелі, санаға  - сәуле шашар шырақ, рухқа шипа берер дауа, жүректі тазалайтын күш.  

Ал, ғылымға келгенде Құран: «ақыл жүгірт» - дейді. Өйткені, Жаратушымыз адамды ойлансын, ізденсін, ғылыми жаңалықтар ашсын, ілім-білім үйренсін деп «ақыл»құралымен жабдықтаған.

Ендігі жерде, мынадай сауал туындауы мүмкін: Неге Алла Тағала ғылыми жаңалықтарды қамтитын кітап түсірмеді? Немесе бүгінгі ашылып жатқан жаңалықтарды жиып, теріп Құранда айта салса болмас па еді?

Жаратушы Иеміз, о баста, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Құранды түсіре бастағаннан-ақ ұялы телефон, интернет, компьютер турасында сөз қозғауына болар еді. Себебі, физика заңдылығын жаратқан өзі. Бірақ, адамның ақылы - жетілуді керек етеді. Жетілуі үшін уақыт ләзім. Адамның хайуаннан айырып тұратын тағы бір ерекшелігі де сол, яғни, адам үнемі даму үстінде. Егер, қияметке дейін, шығатын ғылыми жаңалықтардың бәрін баяндап қояр болса, адамның «даму» ерекшелігі жоғалар еді. Ал, рухани құндылықтар адаммен бірге дүниеге келетін болмысындағы бар қасиет. Олар заманға тәуелді емес.

Динозаврға қатысты айтылған Құран Кәрім мен хадис шәріптерде ашық мәлімет жоқ. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!

Абдусамат Қасым

Пікірлер Кіру