АСТАНА МЕШІТТЕРІНІҢ ШӘКІРТТЕРІ АРАСЫНДА «ДІН МЕН ДӘСТҮР» КІТАБЫ БОЙЫНША САЙЫС ӨТТІ

22 қараша 2026 166 0
Оқу режимі

Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан жарық көрген «Дін мен дәстүр» кітабының I, II және III томдары бойынша мешіт шәкірттері арасында білім сайысы өтті.

Рухани-танымдық сайысқа елордадағы 15 мешіттен бір-бір шәкірттен қатысып, өзара білім сынасты. Үш кезеңнен тұрған жарыста қатысушылар кітап мазмұнына қатысты сұрақтарға жауап беріп, діни танымдары мен ұлттық құндылықтар жөніндегі білімдерін ортаға салды.

Іс-шараға Астана қаласының Бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы бастаған дін қызметкерлері және Дін мен дәстүр бөлімінің меңгерушісі Марат Дәлелханұлы қатысып, сайысқа әділқазылық етті.

Жиын барысында қала бас имамы ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізіп, дін мен дәстүр бағытына ерекше қолдау көрсетіліп келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ата-бабадан аманат болып жеткен салт-дәстүрлерді сақтау және оны өскелең ұрпақтың бойына сіңірудің маңыздылығына тоқталды.

Айта кетейік, ҚМДБ-ның «MUFTIYAT» баспасынан жарық көрген «Дін мен дәстүр» жинағының үш томында ислам діні мен қазақ халқының салт-дәстүрлері арасындағы сабақтастық кеңінен қамтылған. Кітаптың негізгі мақсаты – ұлттық әдет-ғұрыптардың имани негіздерін танытып, дін мен дәстүрдің үйлесімін насихаттау.

Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі орын иегерлеріне ақшалай сыйлықтар табысталды.

І орын – «Әс-Салам» мешітінің шәкірті;

ІІ орын – «Әл-Ғани» мешітінің шәкірті;

ІІІ орын – «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің шәкірті.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру