Астана қаласының бас имамы «Әл-Ғани» мешітіне барды
Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов бастаған бір топ қызметкерлер бақылау-басқару бағыты аясында елордада төріндегі «Әл-Ғани» мешітіне ат басын бұрды.
Құлшылық ордасында қонақтарды мешіттің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев қарсы алып, мешіт қызметінің қазіргі ахуалы, жамағатпен жүргізіліп жатқан рухани-ағартушылық шаралар мен әлеуметтік жобалар жөнінде кеңінен баяндады. Сонымен қатар, Бейбіт Әліпбекұлы жамағатқа әр жеті күн сайын тақырыптық апта уағыздары ұйымдастырылып жатқанын айтып өтті.
Кездесу барысында дін қызметкерлерімен арнайы басқосу өтіп, өзекті мәселелер талқыланды. Бас имам Ерболат Жүсіпов мешіт жұмыстарының жүйелі әрі сапалы жүргізілуінің маңыздылығына тоқталып, діни-ағартушылық бағыттағы қызметті күшейту, жамағатпен байланысты нығайту және тәрбие жұмыстарын жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берді.
Сондай-ақ, жиын барысында имамдардың жауапкершілігі, халықпен тығыз байланыс орнату, жастармен жұмыс және қоғамдағы рухани құндылықтарды дәріптеу мәселелері кеңінен сөз болды. Қала бас имамы мешіттің тек құлшылық орны ғана емес, сонымен қатар тәрбиелік, бірлік пен ізгіліктің ордасы екенін атап өтті.
Сапар аясында бас имам жамағатпен де жүздесіп, бесін намазынан кейін уағыз-насихат айтып, имандылық, бірлік және ізгілік тақырыптарында тағылымды ойларымен бөлісті.
Іс-сапар соңында мешіт ұжымына алдағы жұмыстарға сәттілік тілеп, ел игілігі жолындағы қызметтеріне табыс тіледі.












Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі