Астана қаласының бас имамы Байқоңыр ауданы мешіттерін аралады

09 маусым 2026 136 0
Оқу режимі

Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы Байқоңыр ауданына қарасты мешіттерге арнайы барып, дін қызметкерлерімен кездесті.

Алдымен қала бас имамы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде болып, дін қызметкерлеріне арналған семинар өткізді. Жиында діни қызметтің ерекшелігі мен жауапкершілігі, дін қызметкерінің әдебі және мешіттегі тазалық мәдениеті секілді үш маңызды бағытқа ерекше тоқталып, имамдардың кәсіби дамуы, жамағатпен жұмыс жүргізу тәсілдері және ҚМДБ бекіткен міндеттерді сапалы жүзеге асыру мәселелерін кеңінен түсіндірді. Сондай-ақ Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша республикалық Құран жарысына дайындық мәселелері талқыланды. Одан бөлек мешіттің сыртқы әрі ішкі тарихи келбетін сақтауға, тазалық мәселесіне ұдайы мән беру керек екенін атап өтті.

Семинардан кейін бас имам бесін намазына қатысып, жамағатқа насихат айтты. Уағыз барысында бірлік, ынтымақ, ізгілік және қоғамдағы мұсылманның жауапкершілігі жайында тағылымды ойларымен бөлісті.

Сапар аясында Нұрбек қажы Әуесханұлы мешіт жанындағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мұражайын аралап, қазақ руханияты мен діни мұрасына қатысты құнды жәдігерлермен танысты. Сонымен қатар Ғылмани мұраларына мұқият қарап, құнды жәдігерлерге ерекше ықылас танытуға шақырды.

Одан кейін қала бас имамы Өндіріс аймағындағы «Ар-Рахман» мешітіне барып, құлшылық үйінің тыныс-тіршілігінен хабардар болды. Жиын соңында Астана қаласының бас имамы дін қызметкерлеріне ел игілігі жолындағы қызметтеріне табыс тілеп, ҚМДБ бекіткен міндеттерді бірлесе әрі сапалы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтіп, діни қызметте шынайы ықыласпен еңбек етуге шақырды.

Суреттерді толығырақ «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыз!

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру