АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ

26 қыркүйек 2026 171 0
Оқу режимі

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы бастаған елорда имамдары сенбілікке қатысып, тазалық жұмыстарына өз үлестерін қосты.

Қала бас имамы тазалықтың маңызына тоқталып: «Адамзат үшін ең қастерлі ұғым – бұл ана. Қазақ бұрыннан туған жерді жер-ана деп қастерлеп, қоршаған ортаны бағалаған. Айналаны таза ұстауды, табиғатты аялауды имандылығымыздың бір көрінісі ретінде қарастырамыз. Біздің бабаларымыз «Бір тал кессең, он тал ек», «Таза болса табиғат, аман болар адамзат» деп сол себепті айтып өткен. Қоршаған ортаны аялау, таза ұстау – әрбіріміз үшін аманат. Биыл тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы. Осының аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 35 000 түп ағаш отырғызуды жоспарлаған болатын. Бас мүфти хазіретіміз Наурызбай қажы Тағанұлы осы игі істі бастап берген болатын. Бүгін біз, елорда мешіттерінің имамдары, осыны жалғастырып жатырмыз», – деп атап өтті.

Сенбілік Сарайшық ауданының қоғамдық кеңістігінде ұйымдастырылды. Іс-шараға ауданның басқа да ұйымдары мен мекемелерінің өкілдері, қоғам белсенділері қатысты.

Суреттерді толығырақ «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыз!

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру