АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ ЗАҒИП ЖАНДАРҒА АРНАЛҒАН КІТАПХАНАҒА БАРДЫ

10 қыркүйек 2026 241 0
Оқу режимі

Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы елордадағы көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханаға барып, зағип ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелерді Мәуліт мерекесімен құттықтады.

Жүздесуде қала бас имамы қариялар мен кітапхана ұжымын қасиетті Мәуліт айымен құттықтап, Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі мен көркем мінезі жайында тағылымды насихат айтты. Ал, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Жұманазар Өсерханұлы Мәуліт жырын оқып, Пайғамбарымызға салауаттар айтылды.

Жайылған берекелі дастархан басында ақсақалдар мен әжелер өнерлерін ортаға салып, күй күмбірлеп, дәстүрлі ән шырқалды.

Кездесу барысында қала бас имамы кітапханаға Брайль қарпімен жазылған Құран Кәрімнің көптомдық басылымын тарту етті. Сондай-ақ ақсақалдар мен әжелерге арнайы әзірленген «Мәуліт сыйы» қорапшаларын табыстады.

Сый-құрметке бөленген ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелердің қуанышында шек болмады. Көңілдері өсіп, бір жасап қалған үлкендер өздерінің ақжарма алғысын айтып, ізгі тілектерін жеткізді.

«Шұғыла» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, кітапхананың Брайль жүйесі бойынша оқытушысы Бақытжамал Кәрібайқызы бастаған кітапхана ұжымы да қала бас имамына ақ батасын беріп, ризашылықтарын білдірді.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру