АСТАНАДА ӘЙЕЛ-ҚЫЗДАР АРАСЫНДА ҚҰРАН САЙЫСЫ ӨТТІ

14 қазан 2026 290 0
Оқу режимі

Астана қаласы өкілдігі Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Aq meshit» мешітінде қыз-келіншектер арасында Құран сайысы өтті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Әйел-қыздар секторының 10 жылдық мерейтойына арналған байқауға Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы арнайы қатысты.

Сайыстың ашылуында сөз сөйлеген бас имам атаулы мерейтоймен құттықтай отырып, әйел адамның білім алуы мен ұрпақ тәрбиесіндегі орнына тоқталды. Сондай-ақ әйел жамағатының діни сауатын арттыруға үлес қосып жүрген ұстаздарға алғыс білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Әйел – отбасының ұйытқысы, баланың алғашқы ұстазы. Сондықтан ананың білімді болуы ұрпақ тәрбиесінде айрықша маңызға ие. Қазақ «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» деп әйелдің қоғамдағы орнын бекер бағаламаған. Бүгінгі сайысқа қатысып отырған шәкірттердің Құранға деген ықыласы мен білімге ұмтылысы да ұстаздар еңбегінің жемісі. Барша ұстаздар қауымына осы жолдағы еңбектері үшін алғысымды білдіремін. Құранды оқу мен жаттау ғана емес, оның мағынасын түсініп, өнегесін өмірде ұстану маңызды. Білім жолынан таймай, Құранға деген ықыластарыңызды арттыра беріңіздер», – деді Нұрбек қажы Әуесханұлы.

Құран сайысы екі номинация бойынша ұйымдастырылды. Бірінші кезеңде қатысушылар «Нәбә» сүресінен «Нәс» сүресіне дейінгі сүрелерді, яғни Құранның 30-парасын жатқа оқыды. Екінші кезеңде «Духа» сүресінен «Нәс» сүресіне дейінгі сүрелерді жатқа тапсырды. Әділқазылар алқасы қатысушылардың дайындығы мен Құранды жатқа оқу деңгейін бағалады.

Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, марапаттау рәсімі өтті. Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы жүлделі орын иелеріне дипломдар мен сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ әділқазылар алқасының мүшелері де марапатталды.

Сайыс қорытындысы төмендегідей:

30-пара бойынша:

I орын — Сәкен Арайлым (100 000 теңге)
II орын — Цечоева Аиша (80 000 теңге)
III орын — Қасымова Камила (50 000 теңге)

«Дұха»-«Нас» сүрелері бойынша:

I орын — Абуова Ұлжан (50 000 теңге)
II орын — Танбай Перизат (40 000 теңге)
III орын — Балташова Аяулым (30 000 теңге)

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру