АСТАНАДА ІV РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖЫРШЫ-ТЕРМЕШІЛЕР ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

02 мамыр 2026 128 0
Оқу режимі

Бүгін Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Бабалар сөзі – даналық көзі» атты ІV республикалық жыршы-термешілер фестивалі өтті.

Аталған шараға ҚМДБ Төрағасы , Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым, көршілес мемлекеттердің елшілері, дін қызметкерлері және конфессия өкілдері қатысты.

«Жыршы-термешілер – халықтың шежірешісі, жүректің үнін жеткізуші даналық иелері. Сіздер елдіктің, ынтымақ пен имандылықтың жаршысы болған тұлғасыздар. Қазақ даласында жыраулар тек өнер иесі емес, халықтың ақылгөйі, ел тірегі, руханият жанашыры болған. Сондықтан сіздерге артылған жауапкершілік үлкен. Ислам дінімен сабақтасқан ұлттық өнеріміз адамзатқа ізгілік пен адамгершілікті насихаттап келеді»,-деді Наурызбай қажы Тағанұлы өз сөзінде.

Шара барысында еліміздің әр өңірінен келген жыршы-термешілер өз өнерлерін көрсетті. Атап айтқанда, Ерболат Шалдыбеков, Фарқат Оразов, Темірбек Асқамбаев, Елмұра Жаңаберген, Қылышбек Сынабай, Мәриям Кетебаева, Әділбек Сарин, Оспан Құлсымақ, Әділхан Қуаңбаев және Күнсұлу Түрікпен ізгілікке арналған жыр-термелерді шебер орындап, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.

Кеш барысында қазақтың жыраулық мектебінің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген белгілі жырау Алмас Алматов арнайы ортаға шақырылып, Бас мүфти жырауды мерейлі 70 жасымен құттықтап, иығына шапан жапты.

Сондай-ақ, барлық өнерпаздар Бас мүфтидің алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетейік, көне діни өлеңдер мен мінәжат жырларын жаңғыртуды мақсат еткен бұл фестиваль төртінші рет республикалық деңгейде ұйымдастырып отыр. Бұған дейінгі фестивальдар 2022, 2023 және 2025 жылдары өткізілген болатын.





























 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру