АСТАНАДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚПАРАТТЫҚ-НАСИХАТ ТОБЫНА ҮМІТКЕРЛЕРМЕН АТТЕСТАЦИЯ ӨТТІ

10 ақпан 2026 60 0
Оқу режимі

Бүгін Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ жанындағы Республикалық ақпараттық-насихат тобына (РАНТ) үміткер дін қызметкерлерімен кездесті.

Кездесу барысында Бас мүфти РАНТ қызметінің маңыздылығына тоқталып, діни насихаттың қоғамдағы рөлін арттыру, халықпен жұмыс жүргізуде жауапкершілікті күшейту қажеттігін атап өтті.

«Бүгінгі семинардың басты мақсаты – РАНТ құрамын білікті, білімді мамандармен толықтыру, оның аясын кеңейтіп, қоғамдағы беделін арттыру. Аллаға шүкір, РАНТ мүшелері өңірлерде насихат жұмыстарын жүргізіп, бірқатар ауқымды игі істер атқарып келеді. Бүгінгі аттестациядан өткен әріптестеріміз РАНТ мүшесі атанып, Діни басқарманың аясында сауапты да жауапты аманатты бірге атқарады. Сіздердің араларыңызда ғалымдар, ұстаздар, тәжірибелі имамдар бар екенін жақсы білеміз. Әрқайсыңыздың қоғамдағы орныңыз ерекше», – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Кездесу аясында үміткерлердің білімі мен тәжірибесі сараланып, діни-ағартушылық қызметтегі кәсіби даярлығы мен жауапкершілігіне ерекше мән берілді. Сондай-ақ РАНТ мүшелеріне қойылатын талаптар, алдағы міндеттер мен насихат бағыттары кеңінен түсіндірілді.

Айта кетейік, Республикалық ақпараттық-насихат тобы елімізде діни тұрақтылықты нығайту, дәстүрлі ислам құндылықтарын дәріптеу, қоғамды рухани тұрғыдан сауаттандыру бағытында маңызды қызмет атқарып келеді.








Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру