«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ «АТАЛАР МЕКТЕБІ» АЯСЫНДА ТАНЫМДЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Астана қаласы өкілдігінің Дін және отбасы бағыты аясында «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Аталар мектебі» жобасы шеңберінде танымдық кездесу ұйымдастырылды.
Жиын барысында мешіттің не себепті Қожа Ахмет Ясауи есімімен байланысты аталғаны сондай-ақ халық арасында «Әзірет Сұлтан» деп танылған ұлы тұлғаның қазақ даласындағы және бүкіл түркі халықтары арасындағы діннің дамуына қосқан сүбелі үлесі жайында кеңінен сөз қозғалды.
Кездесу барысында мешіттің наиб имамы Абдулахад Сманов Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың тағылымды мұрасы мен терең білімі бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтпағанын атап өтті.
Тағылымды басқосу барысында үлкендер өнегесі мен рухани құндылықтарды дәріптеу, жастарға үлгі боларлық насихат айту мәселелері де сөз болды. Мұндай кездесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ұлттық және діни құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды шаралардың бірі екені айтылды.








Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі