«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ ИСЛАМДЫҚ ҚАРЖЫ БОЙЫНША ДӘРІСТЕР ЦИКЛІ БАСТАЛДЫ

04 қараша 2026 27 0
Оқу режимі

«Әзірет Сұлтан» мешітінде «Исламдық қаржы негіздері» атты сауат ашу курсының алғашқы дәрісі өтті. Дәрістің ашылуына Астана қаласының Бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы арнайы қатысты.

Жиында Бас имам исламдық қаржы саласындағы білімнің маңыздылығына тоқталып, бастаманың елорда жамағаты үшін пайдалы болатынын атап өтті. Сондай-ақ дәрістер циклін ұйымдастыруға мұрындық болып, қатысушыларға арнайы білім беруге атсалысып отырған ҚМДБ Исламдық қаржы секторының меңгерушісі, PhD докторы Нұржан Жақсылықұлына алғыс білдірді.

Дәріс барысында қатысушылар исламдық қаржының негізгі қағидаларымен танысып, адал сауда жасау талаптары, пайызсыз қаржыландырудың ерекшеліктері туралы мағлұмат алды. Сонымен қатар исламдық банктердің жұмыс істеу тәртібі, үй немесе кәсіп үшін қаржы тартудың шариғатқа сай жолдары және қаражатты ислам талаптарына сәйкес инвестициялау мәселелері түсіндірілді.

Айта кетейік, «Исламдық қаржы негіздері» курсы алдағы уақытта дәрістер циклі ретінде жалғасады. Сабақтар әр сейсенбі күні сағат 11:00-де «Әзірет Сұлтан» мешітінде тегін өткізіледі. Курсқа елорда тұрғындары қатыса алады.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру