БАС ИМАМ: «ӘР ІСКЕ ШЫНАЙЫ ЫҚЫЛАС – ҚЫЗМЕТІМІЗДІҢ ӨЛШЕМІ БОЛУЫ ТИІС»

05 тамыз 2026 231 0
Оқу режимі

Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы елордадағы «Нұрсұлтан» мешітінде дін қызметкерлерімен кездесіп, «Әр іске шынайы ықылас» тақырыбында насихат айтты.

Кездесу барысында қала бас имамы елорданың ең ірі құлшылық ордаларының бірі саналатын «Нұрсұлтан» мешітіне келушілер қатары жылдан-жылға артып келе жатқанын атап өтіп, мұндай мешіттің тек құлшылық орны ғана емес, Қазақстанның рухани келбетін танытатын маңызды орталық екенін айтты.

Осыған байланысты ол жамағат пен туристерге қолайлы жағдай жасау, қызмет көрсету мәдениетін жетілдіру және мешіттің тазалығына ерекше мән беру қажеттігін жеткізді. Әсіресе кіреберістен бастап намаз залына дейінгі барлық аумақтың, мұражайдың, кітап дүкені мен мұнараға көтерілетін бөліктің ұқыпты болуы, ал мешіт қызметкерлерінің әрбір келушіні жылы жүзбен қарсы алуы маңызды екенін атап өтті.

«Біздің әр ісіміздің өлшемі – шынайы ықылас болуы керек. Дәріс болсын, қайырымдылық болсын, мешіттің тазалығы немесе жамағатқа қызмет көрсету болсын – бәрі Алла разылығы үшін атқарылуы тиіс. Ниет түзелсе, қызметіміздің де берекесі артады», – деді Нұрбек қажы Әуесханұлы.

Сондай-ақ Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Төралқа отырысында жүктелген міндеттерге тоқталып, мешіт қызметін заң талаптарына сай жүргізу, діни әдебиеттерге бақылауды күшейту, жат ағымның алдын алу, жастармен және ақпараттық-ағартушылық бағыттағы жұмысты жүйелеу мәселелерін көтерді.

Сонымен қатар алдағы қайырымдылық жобаларын бірлесіп ұйымдастыру, мешіт ұстаздарының тұрақты дәрістерін жолға қою және олардың мазмұнын әлеуметтік желілер арқылы кеңінен насихаттау қажеттігін айтты.

Кездесу барысында қала бас имамы мешіт жанындағы «Өрнек» тігін шеберханасын, кітапхананы, дәрісханаларды, неке қию және Құран бағыштау рәсімдеріне арналған залдарды, сондай-ақ Отбасылық кеңес беру орталығын аралап, олардың жұмыс барысымен танысты. Әр бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, мешіттің мәдени-рухани, ағартушылық және әлеуметтік қызметін одан әрі жандандыруды тапсырды.

Кездесу соңында Нұрбек қажы Әуесханұлы жамағатқа уағыз-насихат жасап, бесін намазын өткізді.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру