БАС ИМАМ: «БІЛІМДІ ЖАСТАР – ЕЛ БОЛАШАҒЫ»

06 тамыз 2026 187 0
Оқу режимі

Бүгін Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлының қатысуымен «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Білімді жастар – ел болашағы» тақырыбында жастар ісіне жауапты мамандарға арналған жиын өтті.

Сондай-ақ, жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жастар ісі секторының меңгерушісі Бағыжан Ерболатұлы, Астана қаласы Жастар ісі секторының жетекшісі Шалқар Жолды және елорда мешіттерінің жастар ісіне жауапты мамандары мен дін қызметкерлері қатысты.

Қала бас имамы жастармен жүйелі жұмыс жүргізудің маңызына тоқталып, олардың діни сауатын арттыру, дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттау және рухани-адамгершілік тәрбиені күшейту – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі екенін айтты.

«Жастық шақ – білім мен тәрбиенің іргетасы қаланатын ең қымбат кезең. Жас кезде алған білім де, жаттаған Құран да өмір бойы адамның серігі болады. Сондықтан жастардың уақытын пайдалы ілімге, ізгілікке және елге қызмет етуге бағыттайық», – деді Нұрбек қажы Әуесханұлы.

Бас имам сондай-ақ қазіргі ақпараттық кеңістікте жастардың түрлі идеологиялық ықпалға жиі ұшырайтынын айтып, мешіт қызметкерлерін олардың сыни ойлау қабілетін қалыптастыруға, жат ағымдардың алдын алуға және дәстүрлі исламды көркем насихаттауға баса мән беруге шақырды.

Жиын барысында ҚМДБ Жастар ісі секторының меңгерушісі Бағыжан Ерболатұлы жастармен тиімді қарым-қатынас орнатудың заманауи тәсілдері туралы баяндама жасады.

Ал Астана қаласы «Әзірет Сұлтан» мешітінің жастар ісіне жауапты маманы Шалқар Жолды ҚМДБ бекіткен жылдық жоспар аясында жүзеге асырылатын жобаларды таныстырды. Атап айтқанда, жастар арасында діни экстремизмнің алдын алуға арналған семинарлар, «Жастар және отбасы» атты семинар-тренинг, «Тазалық – иманның жартысы» экологиялық акциясы, салауатты өмір салтын насихаттайтын спорттық жобалар, нашақорлықтың алдын алу бағытындағы кездесулер, сондай-ақ Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мұсылмандық шарты» және Ыбырай Алтынсариннің «Мұсылманшылықтың тұтқасы» еңбектері негізінде тұрақты дәрістер ұйымдастыру жоспарлары таныстырылды.

Жиын соңында қала бас имамы жастармен жұмысты заман талабына сай жетілдірудің маңызын атап өтіп, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, ұлттық және рухани құндылықтарды дәріптеу, елге адал қызмет ететін білімді әрі парасатты ұрпақ тәрбиелеу жолында бірлесе еңбек етуге шақырды.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру