БАС ИМАМ: МАҚСАТЫМЫЗ ЛАЙЫҚТЫ ҮММЕТ БОЛУ

19 маусым 2026 148 0
Оқу режимі

Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы күн тәртібіне сай елордадағы «Ырыскелді қажы» мешітіне жұмыс сапарымен барды. Қала бас имамы ең алдымен мешіт аумағында атқарылып жатқан негізгі шаруалармен танысты.

2018 жылы ашылған құлшылық үйі бүгінде жаңарып, көлік қою тұрағы, жамағаттың кіріп-шығуы, мешіт ауласына өтетін негізгі көшеге жол белгілерінің қойылуы, маңайындағы Есіл өзені бойының жаңғыруы сынды біраз жұмыс істелгенін мешіт имамы Нұрлан Асанов баяндады.

Бас имам мешіт имамдарымен кездесу өткізіп, Алланың разылығын алу, дінге қызмет ету жолындағы Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүйікті үмметіне сай бола білу тақырыбында насихат айтты.

«Бірде Пайғамбарымыз: (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Бауырларымды сағындым» дейді. Мұны естіген сахабалар: «Иə Алланың елшісі! Біз сенің бауырларың емеспіз бе?» деседі. Сонда сүйікті Пайғамбарымыз: «Сендер менің асхабымсыңдар. Менің бауырларым мені көрмей иман келтіргендер» дейді. Алла Тағалаға лайықты құл, Пайғамбарымызға лайықты үммет болуымызды нəсіп етсін. Әсіресе, жастарға дұрыс діни білім беру – бүгінгі күннің басты міндеті. Оларды жат ағымнан сақтандырып, тура жолды нұсқау мақсатымыз. Жас ұрпақтың бойына Отанға қызмет ету, еңбекқорлық және адалдық құндылықтарын сіңіру қажет», - деді Нұрбек қажы Әуесханұлы.

Сондай-ақ бас имам дін қызметкерінің көркем мінезі, пайдалы амалы және қоғамға қызметі арқылы үлкен сауаптарға жететінін атап өтті. Кездесу барысында «Ырыскелді қажы» мешітінің жұмысын жетілдіру, жамағаттың тұрақтылығы, жастардың сенім мәселесінде жат ағымнан сақтануы жайлы насихат айтылды.

Суреттерді толығырақ «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру