БАС ИМАМ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІМЕН ӨТКЕН ЖИЫНҒА ҚАТЫСТЫ
ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен Астана қаласының Қоғамдық кеңесі және Ардагерлер кеңесі мүшелері, ақсақалдармен «Құдайы ас – жарыс емес, сауап» және «Той – тәрбие мен тағылымның ордасы» тақырыптарында кездесу өтті. Басқосуға Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы арнайы қатысып, дін мен дәстүр сабақтастығы, ас беру мәдениеті және той өткізу әдебі жөнінде насихат айтты.
Кездесуде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен «Ас беру мәдениеті» құжаты таныстырылды. Бас имам құжаттың негізгі мақсаты – халық арасындағы ысырапшылдықтың алдын алу, жаназа мен құдайы ас беру рәсімдерін бірізділікке түсіру және дәстүрдің бастапқы мәнін сақтау екенін атап өтті.
«Құдайы ас – жарысатын орын емес, ізгілік пен тағылым тоғысатын орта. Оның бағасы жайылған дастарқанмен емес, көрсетілген құрметпен, жасалған дұғамен және мұқтажға тиген көмегімен өлшенуге тиіс. Қаралы үйдің қайғысын жеңілдетудің орнына, артық шығынға батыруға болмайды. Сондықтан ас бергенде дастарқанның сәніне емес, дұғаның шынайылығына, жиналған жұрттың ынтымағына мән берген жөн. Сіздер елге сөзі өтетін ақсақалдар ретінде осы бастаманы қолдап, қарапайымдылық пен үнемшілдікті насихаттасаңыздар дейміз», – деді Нұрбек қажы Әуесханұлы.
Кездесуде той мәдениеті де назардан тыс қалмады. Нұрбек қажы Әуесханұлы ұлттық салт-дәстүрге қайшы келетін әрекеттердің алдын алып, тойдың тәрбиелік мәнін сақтаудың маңызын айтты. Ақсақалдарды жастарға өнеге көрсетіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қоғамға пайдалы бастамаларға үн қосуға шақырды. Ақсақалдар да өз кезегінде тағылымды ойларын ортаға салып, игі бастамаға үн қосты.
Жиын соңында ізгі тілектер айтылып, елдің амандығы мен жұрттың тыныштығына дұға жасалды.




















Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі