БАС ИМАМ «ЫРЫСКЕЛДІ ҚАЖЫ» МЕШІТІНДЕ ЖАМАҒАТПЕН ЖҮЗДЕСТІ

19 маусым 2026 52 0
Оқу режимі

Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы елордадағы «Ырыскелді қажы» мешітіне арнайы барып, жамағатпен жүздесті. Бас имам екінті намазын өткізіп, жиналған қауымға тағылымды уағыз айтты.

Уағыз барысында Нұрбек қажы Әуесханұлы исламдағы сәлемдесудің маңызына тоқталып, оның адамдар арасындағы татулық пен бауырмалдықты нығайтатын асыл құндылық екенін жеткізді. Ол Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистеріне сүйене отырып, сәлем беру мұсылманның көркем мінезінің белгісі әрі үлкен сауапқа жеткізетін амалдардың бірі екенін атап өтті.

«Сәлем – жай ғана амандасу емес, ол – дұға, сауап және мұсылмандықтың айқын белгісі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сәлемді кеңінен таратуды мұсылмандар арасындағы сүйіспеншілік пен бауырмалдықты арттыратын амал ретінде өсиет еткен. Сондықтан танысақ та, танымасақ та, бірінші болып сәлем беруге асығайық. Себебі сәлем тараған жерде татулық, өзара құрмет пен бірлік орнығады. Ал сәлем жоғалған жерде салқындық пен алыстау пайда болады», – деді Нұрбек қажы Әуесханұлы.

Сондай-ақ бас имам жамағатты көркем мінезді болуға, қоғамда өзара сыйластық пен ізгілікті насихаттауға шақырды. Ол мұсылманның иманы оның адамдармен қарым-қатынасынан, айналасына көрсеткен құрметі мен ықыласынан көрінетінін атап өтті.

Кездесу соңында мешіт ақсақалдарымен ел тыныштығы, жұрт амандығы, халқымыздың береке-бірлігі мен мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі үшін дұға жасалып, ізгі тілектер айтылды.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру