БАС МҮФТИ АЛҒАШҚЫ ТАРАУЫҚ НАМАЗЫНДА НАСИХАТ АЙТТЫ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Астана қаласындағы Республикалық бас мешітте қасиетті Рамазан айының алғашқы тарауық намазына қатысып, жамағатқа уағыз айтты.
«Қадірменді жамағат! Бүгін мінекей қасиетті Рамазан айымен қауышып, Алла қаласа ең алғашқы тарауық намазымызды оқығалы тұрмыз. Ертең Алла қаласа Рамазанның алғашқы күнінің оразасын тұтамыз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 185-аятында: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын», – деп айтқан.
Осы аят қасиетті Рамазанда Құран түскеніне және де Рамазан айында ораза тұту парыз екеніне дәлел. Өйткені Алла Тағала: «Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын», – деп айтты.
Рамазан сөзі «әр-Рамдә-у» сөзінен шығады. Бұл сөз өте ыстықтан күйдірілген тасқа қатысты қолданылады. Рамазанның бұлай деп аталуының негізгі екі себебі бар:
Бірінші: Бұл атау адамдардың тастар қатты қызатын ыстық кезде ораза ұстауын сипаттайды.
Екінші: Рамазанда ораза ұстау арқылы адамдардың күнәсі күйдіріліп, жоқ болып, кешірілетінін сипаттайды. Ыбырай Алтынсарин бабамыз «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты еңбегінде: «Әр жыл рамазан айында отыз күн руза тұту парыз. Рамазан деген сөз «күйдірген» деген мағынада. Яғни рамазан айында руза ұстағандардың күнәсі күйдіріледі», – деген» деді Бас мүфти.
Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы жамағатқа тарауық намазын өткізетін қариларды таныстырып, игі ниетін жеткізді және еліміздің игілігі үшін арнайы дұға жасады.








Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі