БАС МҮФТИ ӘЗІРЕТ СҰЛТАН МЕШІТІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі» тақырыбында жұма уағызын айтты.
«Адамзат тарихындағы ең ұлы тұлғалардың бірі – ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын). Оның өмір жолы – адамзатқа туралықты, көркем мінезді, мейірімділік пен кешірімділікті, әділдік пен сабырлылықты үйрететін өшпес өнеге. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Шүбәсіз, Алла Елшісінде сендер үшін әрі Аллаға және ақырет күніне үмітін артқан һәм Алланы көп еске алатындар үшін теңдессіз үлгі-өнеге бар», – деген («Ахзаб» сүресі, 21-аят).
Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрбір сөзі мен ісінен мейірімділік, шыншылдық, кешірімділік пен адамға деген жанашырлықтың көркем көрінісін көреміз. Ол – ең көркем мінездің кемел үлгісі, адамзатқа ізгілік пен әділеттің жолын көрсеткен ұлы тұлға. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүректерге жаққан шырағы қаншама ғасырлар өтсе де сөнген жоқ. Бүгінде де оның өнегелі ғұмыры – жақсылыққа ұмтылған әрбір жанға тура жол көрсететін мәңгілік рухани бағдар»,- деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Жұма намазынан кейін Бас мүфти мешіт жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.









Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі