Бас мүфти ІХ Республикалық қарилар байқауының марапаттау рәсіміне қатысты (ФОТО)

22 қазан 2020 327 0
Оқу режимі

Елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан ІХ республикалық байқауы мәресіне жетті. 

72 үміткер бақ сынаған байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегелерін марапаттау рәсіміне ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ел ағалары, ұлт зиялылары Өмірзақ Озғанбаев пен Мырзатай Жолдасбек, сондай-ақ, дін жанашыры, жарысқа демеушілік жасаған Бахардин Аблязимов арнайы қатысты.

«Аллаға сансыз шүкірлер болсын, жасынан Құран жаттап қарилардың байқауын қорытындылап, марапаттап отырмыз. Қазіргі пандемияға қарамастан, алтын уақыттарын бөліп келген ел ағалары Өмірзақ Озғанбаев, Мырзатай Жолдасбек, Ғарифолла Есім ағаларымызға және осы байқауды өткізуге атсалысқан ҚМДБ ұжымы мен Нұр-Сұлтан қаласының өкілдігіне, қариларды бастап келген облыстардың бас имамдары мен демеуші болған азаматтарға алғысымды білдіремін.

Қатысушылардың қарым-қабілетін бағалап, жарысқа төрелік еткен қазылар алқасындағы Кәмілжан, Сәдуақас, Еркінбек, Ерсін және Жұманазар қариларға да рақметімді айтып, Алла жар болсын демекпін. Осы отырған жап-жас қариларымыз өздеріңіз секілді білімді, абыройлы азамат болып өссін!» - деді Бас мүфти марапаттау сәтінде.

Қазылар алқасының шешімімен 4 аталым бойынша жеңіс тұғырынан көрінген қарилардың тізімі төмендегідей:

«Мәнерлеп оқу» бойынша:

І орын (500 000 теңге) – Рапих Фарух (Талдықорған, 27 жаста)

ІІ орын (300 000 теңге ) – Сабырджан Мұхаммед Аипжанұлы (Қарағанды, 21 жаста)

ІІІ орын (150 000 теңге) – Рысбек Әділет Салауаткерейұлы (Шымкент, 19 жаста)      

«10 пара» бойынша:        

І орын (1 000 000 теңге) – Абдилазиз Абдулбақи Савронбекұлы (Жамбыл облысы, 9 жаста)      

ІІ орын (750 000 теңге) – Игілік Исламнури Сержанұлы (Шымкент, 13 жаста)

ІІІ орын (500 000 теңге) – Ығылман Мұхаммед Владимирұлы (22 жаста)

«20 пара» бойынша: 

І орын (1 500 000 теңге) – Кенешбай Қуаныш Нұрланұлы (Алматы қаласы, 14 жаста) 

ІІ орын (1 250 000 теңге) – Сейтқасым Ерқанат Серікұлы (Нұр-Сұлтан, 11 жаста) 

ІІІ орын (1 000 000 теңге) – Тасболатов Бекзат Дулатұлы (Ақтөбе, 17 жаста)

«30 пара» бойынша: 

Бас жүлде (автокөлік) – Турсунов Абдулгоффар Махмуджан (СҚО, 29 жаста)

ІІ орын (2 000 000 теңге) – Мырзагелді Иманәлі Бейбітұлы (Шымкент, 17 жаста)

ІІІ орын (1 500 000 теңге) – Абишев Қуаныш Тоқсанбайұлы (Қызылорда, 30 жаста). 

Сондай-ақ, жарыстың ең жас қатысушысы, 8 жастағы мектеп оқушысы Сейтқасым Нұртілеу Серікұлына «Көрермен көзайымы» номинациясы бойынша ата-анасымен бірге кіші қажылыққа жолдама берілді. Ал қалған қатысушыларға 50 000 теңгеден ынталандыру сыйлығы табысталды.

Жеңімпаздармен бірге байқауға қазылық жасаған елімізге белгілі қарилар Кәмілжан Юлдашұлы (төраға), Сәдуақас Олжабай, Еркінбек Шоқай, Ерсін Әміре мен Жұманазар Садырхановқа Бас мүфти арнайы алғыс білдіріп, марапаттады. 

Еске сала кетейік, екі күнге созылған қарилар байқауы Діни басқарманың 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Елдегі пандемияға байланысты байқау екі күн бойы «Хикмет студиясының» YouTube-арнасынан, «Халық Арна» телеарнасы және Мүфтияттың Instagram-дағы ресми парақшасынан тікелей эфирде көрсетілді. 

Алла Тағала жас күнін Құран жаттаумен өткізген қариларымызға бір өзі жар болып, ізбасарларын көп қылсын!

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру