Биылғы Құран жарысының қызықты деректері (ФОТО)

22 қазан 2020 374 0
Оқу режимі

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, елдегі пандемияға байланысты биылғы Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу байқауы бұрынғыдан өзгерек өтіп жатыр. Мәселен, сақтық шаралары ескеріліп, қарилардың жарысына көрермендер, яғни, мешіт жамағаты қатыспады. Тіпті, бір аталым бойынша сайысқа түсетін қариларды басқа аталымның үміткерлері бір залда отырып тамашалай алмады.

ІХ республикалық Құран Кәрім жарысының бұдан өзге қызықты деректерін тізіп көрелік.

Сегіз жыл қатарынан Алматы қаласында ұйымдастырылған республикалық қарилар байқауы биыл алғаш рет елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде өтіп жатыр.

Байқау аясында алғаш рет «Ұлы дала Құрандары» атты Құран көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге әр жылдары басылып шыққан Құран Кәрімнің қазақша аудармалары, тәпсір кітаптары, 1910 жылы жарық көрген араб тіліндегі Құран кітабы, тәжуид қолжазбалары қойылған.

Қарилар байқауының онлайн көрсетілімі көрермен назарына ұсынылды. Ашып айтсақ, жарыстың алғашқы күнінде «Хикмет студиясының» YouTube-арнасынан 13 700, «Муфтият» YouTube-арнасынан 3 410 адам көрсе, Мүфтияттың Instagram-дағы ресми парақшасынан 11 600 көрермен тамашалап үлгерді.

Сондай-ақ көпшілік байқауды бірінші рет «Халық Арна» телеарнасының эфирінен тамашалай алды.

Байқауда ағайынды Ерқанат және Нұртілеу Сейтқасым бақ сынады. Қарилар отбасынан шыққан қос бүлдіршіннің бірі 10 жаста болса, 8 жастағы Нұртілеу – жарыстың ең жас қатысушысы ретінде тіркеліп отыр.

2018 және 2019 жылғы байқаудың бас жүлдесі маңғыстаулық қариларға бұйырды. Ал биыл жарыста кім топ жарар екен?

Еске сала кетейік, бүгін Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан ІХ республикалық байқаудың марапаттау рәсімі ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен елорда уақытымен сағат 17:00-де өтеді. Жарыс қорытындысын «Хикмет студиясының» YouTube-арнасынан, «Халық Арна» телеарнасы және Мүфтияттың Instagram-дағы ресми парақшасынан тамашалай аласыздар!

Дайындаған Ермұрат Назарұлы,

muftyat.kz

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру