ЕЛОРДА ИМАМДАРЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ БОЙЫНША БІЛІМДЕРІН ЖЕТІЛДІРДІ
Астана қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен елорда имамдарына арналған «Жасанды интеллект құралдарын кәсіби қолдану» тақырыбындағы практикалық семинар өтті. Семинарды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Цифрлық даму бөлімінің меңгерушісі Тимур Серікқанұлы жүргізді.
Жиынға қатысқан Астана қаласының Бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы жасанды интеллект пен жаңа технологиялар қазір өмірдің барлық саласына еніп келе жатқанын айтты. Бас имам Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен бұл салаға ерекше көңіл бөлініп жатқанын жеткізді. Оның дәлелі ретінде жақын арада қолданысқа енетін «AI Imam» жобасын атады.
«Дін мамандары ретінде біз де заман ағымынан қалмауымыз керек. Діни білімді заманауи тәсілдермен жеткізу үшін жаңа технологияларды меңгеру – бүгінгі күннің басты талабы. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Білім іздеу әрбір мұсылманға парыз», деген. Ендеше пайдалы білімді үйрену, оны игі мақсатта қолдану да біздің міндетіміз» – деді Нұрбек қажы Әуесханұлы.
Семинарда жасанды интеллект имамдардың күнделікті қызметіне жақындатылып, тәжірибеде қолдану жолы көрсетілді. Спикер діни білімді заманауи тәсілмен қалай ұштастыру қажеттігін түсіндірді. Заманауи жасанды интеллект құралдарының негізгі бағыттары мен олардың мүмкіндіктері таныстырылды. Сабақ имамдарға қажетті төрт бағытқа бөлінді: презентация жасау, моушн-видео мен видеомонтаж, Vibe Coding және AI агенттер.
Презентация бөлімінде имамдар уағыз бен дәріске арналған материалды қалай дайындап, оған сурет пен диаграмма қосып, жұмысты қалай экспорттау керегін үйренді. Vibe Coding бөлімінде бағдарламалау тілін білмей-ақ, табиғи тілде тапсырма беру арқылы сайт немесе қосымша жасау жолы көрсетілді. AI агенттер туралы бөлімде мешіт қызметіндегі есептерді дайындау, құжаттармен жұмыс сияқты қайталанатын істі автоматты түрде орындайтын жүйелер сөз болды. Сонымен қатар видео мен сурет жасауға көмектесетін платформалар да таныстырылды.
Тақырыптың әр бөлігін жүйелі түрде түсіндірген Тимур Орынханов жасанды интеллект адамның орнын алмастыру үшін емес, оның мүмкіндігін кеңейту үшін қажет екенін ескертті. Имамдарға құралды дұрыс таңдау, тапсырманы нақты қою, нәтижені, әсіресе діни мазмұнды міндетті түрде тексеру және жауапкершілікпен пайдалану қағидалары ұсынылды.
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі