Елорда мешіттерінде «Имани жаз – 2026» жазғы сауат ашу курсы басталды

01 маусым 2026 199 0
Оқу режимі

Астана қаласы өкілдігіне қарасты мешіттерде балаларға арналған «Имани жаз – 2026» жазғы сауат ашу курсы өз жұмысын бастады.

Жазғы сауат ашу курсының ресми ашылу салтанаты «Әзірет Сұлтан» мешітінде өтіп, оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты. Сонымен қатар игі бастама Астана қаласының бас имамы Нұрбек Әуесханұлы бастаған елордалық дін қызметкерлерінің ұйымдастыруымен қала мешіттерінде қатар жүзеге асырылды.

Жиырма күнге жоспарланған курс барысында балаларға Құран әліппесі, имандылық негіздері, көркем мінез бен әдеп қағидалары үйретіледі. Сонымен қатар шәкірттердің жас ерекшеліктеріне сай рухани-танымдық және тәрбиелік сабақтар өткізіледі.

Бағдарлама аясында қазақ халқының салт-дәстүрлері, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, отансүйгіштік, жауапкершілік және ұлттық құндылықтар тақырыптары қамтылып, дін мен дәстүр сабақтастығы кеңінен насихатталады.

«Имани жаз» курсының негізгі мақсаты – жас ұрпақтың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, олардың діни сауатын арттыру және ұлттық тәрбиені дәріптеу. Сондай-ақ шәкірттердің рухани дүниесін байытып, ізгілікке, білімге және адамгершілікке баулу көзделген.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру