Елордада Бас мүфтидің қатысуымен әйел-қыздарға арналған ауқымды форум өтті

21 мамыр 2026 93 0
Оқу режимі

«Әзірет Сұлтан» мешітінде ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен қыз-келіншектерге арналған «Әйел – адал қоғам тірегі» тақырыбында ауқымды рухани-танымдық форум өтті.

Сонымен қатар жиынға Астана қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов, Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Құтқожақызы, Астана қаласы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Күлсара Мамырқызы, Республикалық Бас мешіт ұстазы Қарлығаш Қажымәлікқызы, елорда ұстаздары, мешіттердің әйел шәкірттері мен жамағаты қатысты.

Форумда сөз сөйлеген Бас мүфти отбасы тәрбиесі, ананың ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілігі және ұлттық әрі рухани құндылықтарды сақтау мәселелерін кеңінен сөз етті. Сонымен қатар адал қоғам қалыптастырудағы әйелдің рөлі, отбасы бірлігі мен тәрбиенің маңызы жөнінде тағылымды ойлар айтылды.

ҚМДБ Төрағасы әйелдің қоғамдағы орны мен отбасы тәрбиесіндегі рөліне тоқталып, қыз-келіншектердің рухани білім алып, көркем мінез бен ізгі тәрбиені қатар ұстануы маңызды екенін жеткізді. Сонымен қатар биылғы «Ислам және адал қоғам» жылы аясында елімізде өтіп жатқан іс-шаралардың негізгі мақсаты қоғамда адалдық пен жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыру екенін атап өтті.

Форум аясында спикерлер қыз-келіншектерді білім алуға, рухани ізденіске және көркем мінезді болуға үндеп, қазіргі қоғамдағы отбасы құндылығы мен әйел тәрбиесінің өзектілігіне тоқталды. Сондай-ақ жастар тәрбиесі, отбасындағы сыйластық пен қоғамдағы әдеп мәселелері де назардан тыс қалмады.

Форум рухани насихатқа толы әсерлі кездесуге ұласып, жиналған жамағатқа ерекше тағылым сыйлады. Жиын соңында ел амандығы мен отбасы берекесі үшін дұға жасалып, қатысушыларға ізгі тілектер айтылды.

Суреттерді толығырақ «Фотогалерея» айдарынан көре аласыз!

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру