ЕЛОРДАДА ЖАС ОТБАСЫЛАРМЕН ТАҒЫЛЫМДЫ ІС-ШАРА ӨТТІ

04 қазан 2026 218 0
Оқу режимі

Бүгін елордадағы «Нұрсұлтан» мешітінде ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Берекелі шаңырақ – адал қоғам негізі» тақырыбында тағылымды іс-шара өтті.

Рухани жиынға Астана қаласының Бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы, ҚМДБ «Дін мен дәстүр» бөлімінің меңгерушісі Марат Дәлелханұлы, «Нұр-Сұлтан» мешітінің имамы Қанат Қыдырмин және басқа да дін қызметкерлері мен жас отбасылар қатысты.

Отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған іс-шарада неке мен отбасы институтының маңызы, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық, бала тәрбиесі, сондай-ақ дін мен дәстүр сабақтастығы сөз болды. Берекелі жиын аясында неке қию, сәбиге азан шақырып ат қою және тұсау кесу секілді халқымыздың өмір салтында қалыптасқан тағылымды рәсімдер де орындалды.

Іс-шараның ашылуында Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы отбасының қоғамдағы орнына тоқталып, берекелі шаңырақ құрудың маңызын атап өтті. Жас отбасының болашақ ұрпақ тәрбиесі қалыптасатын қасиетті орта екенін айтып, ерлі-зайыптылардың өзара құрметі мен жауапкершілігі, ата-ананы сыйлау, балаға дұрыс тәрбие беру, адал еңбек ету мен кешірімділік отбасы берекесінің негізгі құндылықтары екенін жеткізді.

«Жас отбасы – екі адамның ғана одағы емес. Бұл – болашақ ұрпақтың тәрбиесі қалыптасатын, мейірім мен жауапкершілік, сабыр мен сыйластық орнығатын қасиетті шаңырақ. Біздің дінімізде де отбасының орны ерекше. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген құрметі, ата-ананы сыйлау, балаға дұрыс тәрбие беру, адал еңбек ету, бір-біріне кешіріммен қарау – берекелі отбасының негізі. Ал берекелі отбасылар көбейген сайын, қоғам да өзгереді. Шаңырақта адалдық болса – қоғамда әділдік болады. Отбасында мейірім болса – қоғамда ізгілік көбейеді. Үйде тәрбие болса – елдің ертеңі де жарқын болады», – деді Нұрбек қажы Әуесханұлы.

Бұдан кейін ҚМДБ «Дін мен дәстүр» бөлімінің меңгерушісі Марат Дәлелханұлы «Берекелі шаңырақ – адал қоғам негізі» тақырыбында уағыз-насихат айтып, отбасының исламдағы орнына тоқталды. Құран мен хадис негізінде отбасы құндылықтарын сақтау, ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сыйластығы мен жауапкершілігі, ата-анаға құрмет көрсету және ұрпақ тәрбиесіне мән берудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ шаңырақтағы имандылық, өзара түсіністік пен мейірімнің отбасы берекесін арттырып қана қоймай, ізгі ұрпақ тәрбиелеуге және қоғамның рухани ахуалын нығайтуға ықпал ететінін жеткізді.

Іс-шара барысында жас жұбайлардың неке қию рәсімі өткізіліп, оларға шаңырақтарының берік, отбасыларының берекелі болуына қатысты ақ тілектер айтылды.

Сондай-ақ сәбиге азан шақырылып, ат қойылды. Бұдан бөлек, бүлдіршіннің тұсауы кесіліп, қадамына ақ жол тілеп, қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрі дәріптелді.

Рухани басқосу соңында отбасылар арасында сұрақ-жауап ойыны ұйымдастырылып, қатысушылар белсенділік танытты. Ойын барысында отбасы құндылықтары мен дінге қатысты түрлі сауалдар қойылып, жанұяларға арнайы сыйлықтар табысталды.

Кездесу соңында ақжолтай тілектер айтылып, еліміздегі әрбір шаңыраққа татулық пен береке, әр отбасына амандық пен баянды бақыт тілеп бата жасалды.

 

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру