Ершат Ағыбайұлы Қордай ауданының діни ахуалымен танысты (ФОТО)

27 сәуір 2021 2925 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы арнайы іс-сапармен Жамбыл облысы Қордай ауданына келді.

Наиб мүфтидің жұмыс барысы әуелі Қордай ауданының әкімі Рүстем Рысбайұлымен кездесуден басталды. Жиынға Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, облыстық Дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров пен ауданның бас имамы Асқар Зәкіржанұлы қатысты. Азаматтар Қордай өңірінің діни ахуалы, тыныс-тіршілігі жөнінде сұхбаттасып, пікір алмасты. Бірқатар маңызды мәселелерді талқылаудан өткізді.

Бұдан соң наиб мүфти облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Бейбітшілік және келісім» жобасы аясында ауданындағы жұмыс тобымен бірқатар кездесулер өткізді. «Сіздерге Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы сәлемдемесін жеткізуге рұқсат етіңіздер. Мұсылман қауымының бейбітсүйгіштігінің бір дәлелі олардың амандасу сөзінен басталады. Әрбір қазақ азаматының «Әссәләмуағалейкүм» деп, оң қолын кеуде тұсына апарып иіліп жатуы – білген адамға құнды өнеге, жақсы қасиет. Яғни ол алдынан шыққан замандасына «Сізге Алланың амандығын, бейбітшілігін тілеймін» деп, ықыласын білдіріп тұр. Сондықтан да осы бір ауыз сәлемнің өзі – асыл дініміздің бейбітшілікті толық қолдайтынын, адамдарды ынтымақ пен бірлікке, ымыраға бастайтынының үлкен дәлелі», – деді Ершат Ағыбайұлы.

Жиыннан соң наиб мүфти Қордай ауданына қарасты 62 мешіттің имам-молдаларымен мәжіліс өткізді. Басқосу барысында барлық санитарлық талаптар сақталды.

 

Дереккөз: asyldin.kz

Пікірлер Кіру