«ІЗГІЛІК КЕРУЕНІ»: АСТАНАДА 50 БАЛАҒА ОҚУ ҚҰРАЛДАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ

06 тамыз 2026 81 0
Оқу режимі

Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлының жетекшілігімен «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Ізгілік керуені» қайырымдылық акциясы өтті. Іс-шарада әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 50 балаға мектепке қажетті сөмкелер мен оқу құралдары табысталды.

Қала бас имамы жиналған қауымды жаңа оқу жылы қарсаңында өткізілетін бұл қайырымдылық акциясының маңызына тоқталып, балалардың сапалы білім алуына қолдау көрсету – қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.

«Ислам діні – мейірім мен қамқорлықтың діні. Бүгінгі игі шараның мақсаты – балаларымыздың білім жолына сеніммен қадам басуына аз да болса үлес қосу. Бұл – жай ғана сыйлық емес, бұл – олардың жарқын болашағына деген жанашырлықтың, қоғамдағы ауызбіршілік пен бауырмалдықтың айқын көрінісі», – деді Нұрбек қажы Әуесханұлы.

Сондай-ақ бас имам қайырымдылық іске қолдау көрсеткен жомарт жандарға алғыс айтып, Алла Тағаладан олардың ризық-несібесін арттырып, отбасыларына амандық пен береке нәсіп етуін тіледі.

Айта кетейік, «Ізгілік керуені» қайырымдылық акциясы Астана қаласы бойынша басқа да мешіттерде жалғасын табады. 

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру