«ІЗГІЛІКПЕН ІЗ ҚАЛДЫР»: ЕРЕКШЕ КҮТІМДІ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН БАЛАЛАРҒА ДАСТАРХАН ЖАЙЫЛДЫ

28 қыркүйек 2026 84 0
Оқу режимі

«Игі істер марафоны» республикалық жобасы аясында қолға алынған «Ізгілікпен із қалдыр» жобасының алғашқы іс-шарасы ұйымдастырылды. Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы ерекше күтімді қажет ететін балаларға әлеуметтік көмек көрсету орталығының қызметкерлерін, балалар мен олардың ата-аналарын арнайы қарсы алды.

Ізгі кездесу «Ізгілікпен із қалдыр» жобасы аясында ұйымдастырылды. Бас имам қонақтарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы сәлемін жеткізіп, ізгі тілегін білдірді.

Көкшетау қаласынан «Әзірет Сұлтан» мешітін арнайы зиярат етуге келген қонақтарға мешіттің тарихы мен тыныс-тіршілігі таныстырылып, экскурсия ұйымдастырылды. Қонақтар мешіттің сәулетімен және құлшылық орындарымен танысты.

Кездесу барысында ақ дастархан жайылып, балалар мен ата-аналарға арнайы дәм ұсынылды. Бас имамның жылы ықыласы мен мешіт ұжымының көрсеткен құрметі қонақтарға ерекше әсер қалдырды.

Айта кетсек, арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығы қарт адамдарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ ауыр және асқынған сырқаттары бар балалар мен жасөспірімдерге әлеуметтік қызмет көрсетеді. Орталықтың ерекшелігі – қызмет алушыларды интернатқа орналастырмай, әлеуметтік қызметкерлердің олардың үйлеріне барып көмек көрсетуі. Сонымен қатар мекеме әлеуметтік қызметкерлерді даярлау және қайта даярлау бағытында да жұмыстар атқарады.

Кездесу соңында орталық басшысы Анжела Маратқызы, ата-аналар қауымы мен әлеуметтік қызметкерлер мешіт ұжымына көрсетілген құрмет пен ықылас үшін ризашылықтарын білдірді.

Ізгі жүздесу соңында қонақтар мешіт ұжымымен естелік суретке түсіп, жақсы көңіл күймен тарқасты.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру