«Халал даму» қызметкерлері Өскеменде кеңес өткізді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халықтың денсаулығын сақтау, халықты халал өнімдермен қамтамасыз ету бағытында әр өңірде халал өнімдерді насихаттау, халалдың маңыздылығын түсіндіру шаруаларын нәтижелі жүргізуді тапсырған болатын.
Осыған байланысты ҚМДБ «Халал даму» директоры Айбек Аташев Өскемен өңіріне арнайы іссапармен барып, халал сертификатына ие болған кәсіпорын басшыларымен және аудан, қала мешіттеріндегі халалға жауапты мамандармен бірлескен кеңес өткізді.
Жиында өңір бойынша «Халал даму» өкілі Досжан Үмбет сөз алып, жүйелі түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде Өскемен аймағында «халал» мәртебесіне ие болған кәсіпорындар саны өсіп келе жатқанын жеткізді.
Басқосуда ҚМДБ «Халал даму» директоры Айбек Аташев: «Халық қазіргі таңда халал сертификаты бар кәсіпорындар шығарған азық-түлік өнімдерін көп таңдайды. Әсіресе індет кезінде халықтың халал өнімдерге сұранысы арта түсуде. Сондықтан халал стандартқа өтіп жатқан кәсіпорындар саны ай санап көбейіп келеді. Таза, денсаулыққа пайдалы азық-түлік тұтыну насихатталып жатыр. Біз бұл бағыттағы үгіт шараларын кәсіпорындар арасына үнемі насихаттауымыз керек. Халалдың маңызы туралы халықты ақпараттандыру күн тәртібіндегі мәселе», – деп ерекше атап өтті.
А.Аташев сонымен қатар кәсіпорын басшыларының қойған сауалдарына жауап берді. «Халал даму» директоры кәсіп иелеріне берекет тілеп, атына заты сай болып, халыққа адал қызмет етуді үндеді.
Дереккөз: furqan.kz