Хусамуддин ас-Сығнақидың «Тәсдид» кітабы оқырманға жол тартты (ФОТО)

30 наурыз 2021 3221 0
Оқу режимі

Қазақ жерінен шыққан бірегей ғалым Хусамуддин ас-Сығнақидың «Тәсдид» еңбегінің тұсауы кесіліп, қалың оқырманға жол тартты.

Нұр-Мүбарак университеті жанындағы Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығы бұл еңбекті бекер таңдамаған. Себебі Матуриди сенім мектебінің белді өкілі Әбу Муғин Нәсәфидің «Тәмһид» кітабына жазылған түсіндірменің қазақша аудармасы  570 беттен тұрады. Яғни сенім, иман мәселесінде талас-тартысқа бейім қауымға орта ғасырдың өзінде нақты ғылыми жауап бүгін де маңызды әрі өзекті күйінде. Көлемді жұмыс исламтану, дінтану бағытындағы магистрант, докторанттарға және жалпы ақида мәселелерін терең үйренем деуші оқырман қауымға арналған.

Кітаптың тұсаукесеріне ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы онлайн қатысып, арнайы құттықтады. Қазақ даласынан шыққан ғұлама бабалардың еңбегі қанша уақыт өтсе де Ислам әлемінде маңыздылығы артып, бүгінгі ұрпаққа ерекше аманат жүктелгеніне де тоқталып, ғалымдарға алғысын білдірді.  

Профессор, ҰҒА академигі Әбсаттар қажы Дербісәлі: «Хусамуддин ас-Сығнақи жайлы ғылыми зерттеулерге ден қойған Нұр-Мүбарак университетінің ғалымдары, профессор Шамшәдин Керім, ал қазір жас та болса бас болып жүрген проректор Қайрат Құрманбаев  PhD докторлығын да осы бабамыздың еңбегінен қорғады. Кітап жазу қаншалықты қиын, ал оны жарыққа шығарудың жауапкершілігі одан да ауыр екені түсінікті.  Сондықтан бұл – үлкен жұмыс», – деп жоғары баға берді.

Тәсдидтің қолжазба нұсқасын түрік зерттеуші ғалымдары өңдеп, арабша мәтіндерін бергенімен, өз тіліне аудармаған. «Бұл кітап қазақ тілінде ең алғаш болып басылып, жарияланып отыр» дейді жас зертетуші Сырым Шәкизада.

Хусамуддин ас-Сығнақи ХІІ-ХІV ғасырларда өмір сүрген Ислам әлемінің бірегей ғалымы. Усул фиқһ іліміне қатысты Бәздәуидің және Ахсикасидің еңбегіне жазған «Уафи», «Кәфи» түсіндірмесі (шархы), Марғинанидың Һидаясына жазған 6 томдық «Ниһая» кітабы, араб тіліне байланысты Замахшаридың Муфассалына «Муассал» деп шарх (түсіндірме) жазғанын біле бермейміз.

Осы орайда ас-Сығнақидың Сыр өңіріндегі ұрпақтары қолдап, кітаппен ғана шектелмей баба аманатын жарыққа шығарған Нұр-Мүбарак университетіне ризалықтарын жаудырып, жаңа аудиторияны да толық жасақтап берді. Яғни тарихи кітаппен бірге Хусамуддин ас-Сығнақи атындағы жаңа аудиторияның да тұсауы кесілді.

Ортағасырлық қазақ даласының академигінің өмірбаяны, білім жолы өрнектелген жап-жарық аудитория тарих пен бүгінгі күнді үндестіріп тұрғандай соңғы үлгідегі технологиялық жабдықтармен жасақталып, шәкірттер енді тарихи ортаны сезіне отырып, SMART тақта арқылы кез-келген мүмкіндіктерді қолдана алады.

20 жылдық мерейтойға арналған бұл тарту Нұр-Мүбарак университетіне ғана емес, жалпы ғылым, білімсүйер қауым, қазақ еліне ерекше сый болды.

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру