МЕДРЕСЕ-КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТТЕРІ АРАСЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА БАСТАЛДЫ
Бүгін Астанадағы Республикалық Бас мешітте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен еліміздегі медресе-колледж студенттері арасында республикалық олимпиада басталды.
Олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы сөз сөйлеп, қатысушы студенттерге сәттілік тіледі.
«Шын мәнінде, ХХІ ғасыр – білімнің, ғылымның, парасаттылықтың, озық технологияның дәуірі. Сондықтан біз де осынау өркениет пен даму үдерісінен әсте қалыс қалмауымыз керек. Бүгінгі заманның озық үлгілері мен игіліктерін үйренуіміз тиіс.
«...Істің болар қайыры,
Бастасаңыз Аллалап,
Оқығамаған жүреді
Қараңғыны қармалап», – деп, қазақтың ағартушы ұстазы Ыбырай Алтынсарин бабамыз жырлағандай, енжарлық пен жалқаулықтан арылып, талмай ізденуіміз қажет.
Қай заманда болмасын қоғамның ілгері дамуына парасат пен ізгілік жолын таңдаған ғұлама ойшылдар мен ғалымдар айрықша рөл атқарған. Сіздер болашақ ғалымсыздар. Ал бүгінгі іс-шара білімдеріңізді қайта шыңдауға үлкен мүмкіндік туғызады деп санаймын» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетейік, аталған олимпиадаға еліміздің 9 медресесінен жиналған 28 шәкір қатысып бақтарын сынауда.
















Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі