МҮФТИЯТ ЕЛОРДАДА АУЫЗАШАР БЕРДІ

27 ақпан 2026 53 0
Оқу режимі

Елордамыз Астана қаласындағы Республикалық Бас мешітте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Рамазан – ізгілік айы» атауымен рухани ауызашар кеші өтті. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, мұсылман мемлекеттерінің елшілері, ҚМДБ жанындағы Ақсақалдар, Сарапшылар және Жастар кеңесінің мүшелері, сондай-ақ қарттар үйінің қариялары қатысты.

Кеш қонақтары алдымен діни басқарманың «Дін мен дәуір» фотокөрмесін тамашалады. Ауызашар кеші қасиетті Құран аяттарын оқылумен басталып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ел амандығы мен тыныштығын тілеп, ауызашар батасын жасады.

Кеш аясында жамағатқа Наурыз көже ұсынылып, Рамазан айының рухани мазмұны туралы бейнеролик көрсетілді.

Кеш барысында Мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Құрманжанұлы, ҚР Сенат депутаты Нұртөре Байтілесұлы, Палестина Мемлекетінің Төтенше және Өкілетті елшісі Монтасер Әбу Зейд мырзалар құттықтау сөз сөйлеп, руханият саласындағы жұмыстарға қолдау білдірді. Діни басқарма тарапынан қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, қарттар үйінің қарияларына арнайы сый-сияпат жасалды.

Рухани кеш соңында дастархан батасын халық ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Серік Негимов жасады.


























 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру