ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ (ﷺ) ДҮНИЕГЕ КЕЛУІНЕ ОРАЙ МӘУЛІТ ОҚЫЛДЫ

21 тамыз 2026 131 0
Оқу режимі

Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келуіне орай мәуліт жыры оқылды. 

Мәуліт барысында Серік қари Ахмет, Жұманазар қари Садырханов, Пайғамбарымызға салауаттар айтылып, Құран аяттары оқыды. Мәуліт дұғасын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жасады.

«Уа, Жаратушымыз Алла Тағала! Өзіңнің ең сүйікті құлың, пайғамбарлардың мырзасы әрі соңғы мөрі, адамзаттың ардақты тұтар ұстазы, жер бетіне рақым етіп жіберілген Пайғамбарымыз Мұхаммед мұстафаның құрметіне оқыған мәулітімізді қабыл ет!

Біздерді Пайғамбарды шынайы жақсы көрген, оның сүннетіне ерген, көркем мінезін үлгі тұтқан, насихаттарын орындайтын, тұлғасын шынайы құрметтей білетін, оған жиі салауат айтатын, қияметте шапағатына ие болатын үмбетінен болуды нәсіп еткейсің!

Уа, Аллам! Ибраһим пайғамбар мен оның отбасына рақым еткеніңдей, Мұхаммед пайғамбар мен оның отбасына рақым ете гөр! Сен аса мақтаулы, аса даңқтысың!

Уа, Аллам! Ибраһим пайғамбар мен оның отбасына береке бергеніңдей, Мұхаммед пайғамбар мен оның отбасына да береке бере гөр! Сен аса мақтаулы, аса даңқтысың!

Осы мәулітті оқыған, қатысқан жандардың әрқайсысына, отбасы, ошақ қастарына амандық бер! Елімзге, жерімізге, тәуелсіз мемлекетімізді мекен еткен әрбір шаңыраққа бақыт-берекеңді нәсіп ет!

Уа, Алла Тағала! Өзің кешіріміңе бөлейтін жандардың қатарында біздерге де кешіріміңді нәсіп ет! Өзің мейіріміңе бөлейтін жандардың қатарында біздерге де мейіріміңді төк. Өзің жәннати ететін жандардың қатарында біздің де жәннати болуымызды нәсіп ет!

Уа, Раббымыз Алла Тағала! Әмин деген баршамыздың дұға-тілегімізді қабыл ет! Екі дүниеде жүзімізді жарық ет! Біліп те білмей істеген кателік-күнәларымызды жарылқай гөр!

Елімізге, жерімізге тыныштық, әрдайым бейбітшілік бер! Мемлекетіміздің басшысы қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлына өзің жар болып, ізгі қоғам, әділетті Қазақстан құруымызды жазып, көк туымызды әркез бейбіт көк аспанымызда желбіретіп, мемлекетімізді әлемнің алдыңғы қатарлы елдері қатарынан болуын жаз!

Бұл мәуліт айынан, келесі мәуліт айларына баршамызды сау-саламатта, амандық-есендікте жеткізге гөр! », – деп дұға жасады Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру