ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН АЙЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

18 ақпан 2026 89 0
Оқу режимі

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти 

ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН АЙЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау әлемдердің Раббысы Аллаға тән! Ардақты Пайғамбарымызға Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Ардақты ағайын, қадірлі жамағат!

Сіздерді исі мұсылман баласы асыға күтетін, он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Алла Тағала қасиетті айда ұстайтын оразамызды, ізгі амалдарымызды қабыл етіп, мол сауаптан жазғай.

Ораза – ең алдымен жүректің амалы. Рамазан – жүректі тазартуға, ниетті түзетуге, нәпсіні тәрбиелеуге және тақуалыққа жетуге мүмкіндік берілген қасиетті ай. Оразаның шынайы рухын түсінген адам ас пен судан тыйылуды басты мақсат етпейді. Ауыз бекітудегі негізгі мақсат – жүректі Аллаға жақындатып, ой мен жүректі түрлі дерттен тазалау, ішкі жан дүниені көркем мінезбен безендіру.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың назары жүректе болатындығын баяндап: «Расында Алла Тағала сендердің бейнелерің мен дүниелеріңе назар аудармайды, алайда жүректерің мен амалдарыңа назар аударады», – деген. Шын мәнінде оразаның шынайы сауабы – аштықта емес, тақуалықта.

Өйткені Алла Тағала қасиетті Құранда «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Уа, иман еткендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы (асау нәпсіні тізгіндеп), күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер», – деп айтқан.

Сан ғасырдан бері Ислам дінін рухани тірегі еткен халқымыз берекелі Рамазан айын ерекше дайындықпен күтеді. Сауаптар еселеніп жазылатын айда ауызашар беріп, көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап,үлкендердің алғысы мен батасын алуға тырысады. Аллаға шүкір, оразада игі ниетпен орындалатын ізгі амалдар бүгінде салт-дәстүрімізге айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.

Осы ретте барша отандастарымды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қасиетті айда ұйымдастыратын қайырымдылық іс-шараларына үлес қосуға шақырамын. Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысайық.  

Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз. 

Берекелі, сауабы мол айда Алланың мейіріміне бөленіп, әрбір ізгі амалымыздың жақсылығы еселеніп жазылғай! Еліміз аман, жеріміз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай! Жаратушы Жаббар Иеміз келер жылғы Рамазан айына аман-есен жетуімізді нәсіп еткей! Әумин!

 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру