ҚМДБ ҰЖЫМЫ ӘЗ-НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ

02 мамыр 2026 152 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елордада дін мен ұлттық дәстүр үндестігін насихаттауға арналған «Әз-Наурыз – ырыс пен бірлік мерекесі» атты ауқымды рухани-мәдени шара өткізді.

Қазақстан халқының бірлігі күнімен тұспа-тұс ұйымдастырылған мерекелік басқосуға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым, көршілес мемлекеттердің елшілері, дін қызметкерлері және конфессия өкілдері қатысты.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы діни мерекелермен қоса ұлттық мейрамдарды да лайықты дәрежеде атап өтуге назар аударып келеді. Өйткені халқымыз кең көлемде атап өтетін Наурыз мерекесінің тәрбиелік мәні үлкен. Ұлттық мейрамда ақ дастарқан басында үлкендер батасын беріп, бірін-бірі көптен көрмеген туыстар мәре-сәре болып, ал ренжіскендер кешірім жолын ұстанып, ізгілікті істерімен ұрпаққа өнеге көрсетеді.

Бұл күнде қоршаған ортаны тазалау, ағаш егу, бұлақтың көзін ашу сынды сауапты һәм салауатты амалдар жүзеге асады. Мұндай өнегелі іске өскелең ұрпақты жұмылдырудың маңызы үлкен. Наурыз – барша адамзатты бірлікке, игілікке, мейірімділікке үндейтін мереке»,-деді Бас мүфти.

Сондай-ақ, мерекелік шарада арнайы құттықтап Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Құдайберген Базарбаев, ҚР Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов, Дін істер комитетінің төраға орынбасары Мақсат Раманқұлов пен конфессия өкілдері сөз сөйледі.

Іс-шара барысында арнайы құрылған киіз үйлерде қазақ халқының салт-дәстүрлері мен қонақ күту мәдениеті таныстырылып, келген меймандарға ұлттық тағамдар ұсынылды.

Мерекелік жиынның басты мақсаты – ел ішіндегі татулық пен өзара құрметті нығайту, Наурыз мерекесінің рухани әрі мәдени құндылығын кеңінен дәріптеу, сондай-ақ дін мен дәстүр сабақтастығын кейінгі ұрпаққа насихаттау болды.























Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру