РАНТ мүшесі елордада бірқатар кездесулер өткізді

04 мамыр 2026 49 0
Оқу режимі

ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің маманы, республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Қаюпов Ислам Маратұлы Астана қаласында мешіттер мен діни оқу орындарында бірқатар кездесулер өткізіп, жамағатқа уағыз-насихат айтты.

Алғашқы күні «Әл Ғани» мешітінде өткен кездесуде «Құран және сүннет жолымен жүру деген не?» тақырыбы қозғалды. Бұдан кейін Астана медресесінің шәкірттерімен жүздесіп, жастарды арбайтын жат ағымдардың айла-тәсілдері жайында түсіндірме берілді.

Сонымен қатар «Әл-Фәттах» мешітінде «Бөлінудің бастауы – күмәнді сенімдер» тақырыбы қозғалып, «Әл-Фараби» мешітінде жамағатпен кездесу өтті. Онда дәстүрлі дін мен жат ағымдардың айырмашылығы түсіндірілді. Сондай-ақ Хусамиддин ас-Сығанақи атындағы ислам институтында өткен кездесуде «Ханафи мазһабы және Матуриди сенімі» тақырыбы қамтылды.

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде жұма уағызы айтылып, жамағатқа бекітілген тақырып аясында насихат жүргізілді. Одан кейін «Райса ана» мешітінде «Жат ағымды қалай танимыз?» тақырыбы қозғалып, кездесулер «Ырыскелді қажы» және «Әлжан ана» мешіттерінде жалғасты. Бұл басқосуларда жамағатқа ақиқат жолды ажырату және діни білімді дұрыс алу мәселелері түсіндірілді.

Іс-шаралар барысында дәстүрлі ислам құндылықтарын ұстану, діни сауаттылықты арттыру және қоғамдағы бірлікті сақтау жайы кеңінен айтылды.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру