ТӨРТ БАҒЫТҚА ЖАУАПТЫ МАМАНДАРДЫҢ ЖОСПАРЫ НАҚТЫЛАНДЫ

30 шілде 2026 59 0
Оқу режимі

Бүгінгі елорда имамдарының алқалы жиынының аясында Астана өкілдігіндегі төрт бағытқа жауапты мамандар жыл соңына дейінгі жұмыс жоспарын айқындады. Ең алдымен Бас имам Алланың үйі болған мешіттерде игі іске ортақтасу үлкен жауапкершілік әрі сауапты амал екенін жеткізді.

«Исламның бес тірегінің бірі болған күнделікті бес уақыт намаз оқылатын осындай зәулім мешітте бас қосуымыз – Алланың біздерге берген жақсылығы әрі үлкен мүмкіндігі. Алланың дініне қызмет етіп жүрген әріптестердің ұдайы мәселелер қозғалған жиындарда басқосуы арадағы бауырмашылдықты күшейтіп, ауызбіршілікті арттырады деп сенемін. Себебі игі істердің айналасында жүрген жандар ынтымақтасса және ауызбіршілігі мықты және ойымызыбен сөзіміз бір болса, аспайтын асу, алмайтын қамал болмайды.

Жыл басында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазірет Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2026 жылы басымдық беретін төрт бағытын «Бағдарлық баяндамасында» атап, нақты тапсырмалар берген болатын. Сонымен қатар төрт бағыт пен Айтулы іс-шаралардың 2026 жылғы жұмыс жоспары бекітілген еді.

Бүгінгі жиынның күн тәртібінде қаралатын негізгі мәселелер де жоспар төңірегінде болмақ. Атап айтқанда Діни басқарма бекіткен жоспар бойынша Астана қаласы өкілдігі алдағы айларда атқаратын шаралардың жоспарын нақтылап алуы қажет» - деді Нұрбек қажы Әуесханұлы.

Жиында төрт бағыт бойынша оның ішінде «Ихсан және насихат» бағыты бойынша іс-шараларының жоспарлы жұмыстарын таныстырған Хамит Мырзагелдиев нақты іс-шаралар, дәрістер, айтылуы тиіс тақырыптарға тоқталды. Ал «Діни оқу-ағарту» бағыты бойынша іс-шаралардың жоспарлы жұмыстарын жеткізген наиб имам Махмұд Қасым елорда мешіттерінде өтуі тиіс басты жұмыстарды атап өтті. Оның ішінде «Үздік имам» жобасы сынды айтулы шаралар бар. Сонымен қатар «Дәстүр және отбасы» бағыты бойынша сөз алған Абдулахад Сманов ұлттық құндылықтарды арттыру, дін мен дәстүрге бағытталған дүниелерге тоқталды. Ал «жат діни ағымдардан сақтандыру» бағыты бойынша алдағы айларда атқарылатын іс-шараларды таныстырған Рақымғазы Қабдысалым деструктивті ағымнан сақтану, мешіттерде осы жайында кездесу әрі дәрістерді жүйелі ұйымдастыру және әлеуметтік желілерге арналған шағын сұхбаттар сериясын жасау керектігін жеткізді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Зекет және қайырымдылық» қоры жыл сайын тамыз айында «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырып келеді. Аталған іс-шара биыл да жалғасады деп жоспарлануда. Акцияны өткізу барысы жайлы өкілдіктің жауапты маманы Нұрбол Оразбай толық баяндады.

Сонымен қатар жиында Әдеп кеңесін құру туралы бастама көтеріліп, Бас имам Әзірет Сұлтан мешітінің Іс басқарушысы Жанділла Бекжігітовке кеңестің құрамын бекіту туралы ұсыныс беру қажеттігін айтты. Одан бөлек елорда имамдарының әлеуметтік желідегі белсенділігі, қандай тақырыпта уағыз айту қажеттігі пысықталды.

Кездесу соңында Бас имам барша дін қызметкерлеріне жұмысты жандандыру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру