ТҮРКИЯ ДІН ІСТЕРІ БАСҚАРМАСЫ ӨКІЛДЕРІ ЕЛОРДА МЕШІТТЕРІН ЗИЯРАТ ЕТТІ

08 қазан 2026 61 0
Оқу режимі

Түркия Республикасының Дін істері басқармасы Төрағасының орынбасары Фатих Мехмет Каража, Еуразия департаментінің жетекшісі Өмер Фарук Савуран және Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің Дін істері жөніндегі кеңесшісі Юсуф Аккуш Астана қаласындағы қос ірі мешітке арнайы зиярат жасады.

Алдымен түркиялық қонақтар елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітіне барды. Қонақтарды Астана қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы қарсы алып, мешіттің тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Түркиялық өкілдер отбасы бөлмесін, дәріс залдарын аралап, сол сәтте өтіп жатқан дәрістердің барысымен танысты. Сондай-ақ мешіт қабырғаларында орналасқан тарихи әрі рухани құндылықтарға назар аударды.

Зиярат барысында түркиялық қонақтар мешіттің сәулеттік келбетімен қатар, ондағы күнделікті діни-ағартушылық қызметпен де танысты. Дәріс өтіп жатқан залдарға кіріп, мешіттегі білім беру үдерісін көзбен көрді.

Одан кейін делегация Астана қаласындағы «Нұрсұлтан» мешітіне ат басын бұрып, мешіттің тыныс-тіршілігімен және діни-ағартушылық бағыттағы жұмыстарымен танысты. Қонақтар мешіттің сәулеттік ерекшелігіне назар аударып, құлшылық орнының жамағатқа көрсетіп отырған қызметі жайында ақпарат алды.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру