Етеккір кезінде мүшеқаппен жақындасуға бола ма?

19 маусым 2021 12947 0
Оқу режимі

Әссәламу алейкум! Сұрағым ыңғайсыздау болса да жауап берулеріңізді сұраймын. Әйелдерімізде етеккір уақыты болған кезде, мүшеқаппен жақындасуға бола ма? Шариғатымызда не айтылған?


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Қасиетті Құран Кәрімде: «Олар сенен етеккір жайынан сұрайды. Оларға: «Ол жиіркенішті нәрсе, етеккір кезінде әйелдерден аулақ болыңдар. Оларға тазарғанға дейін жақындаспаңдар. Қашан олар нақ тазарса, оларға Алланың өздеріңе бұйырған жерінен жақындасыңдар» де. Шәксіз Алла тәубе етушілерді жақсы көреді әрі таза болушыларды да жақсы көреді»[1] делінген. Яғни, хайыз (етеккір) лас нәрсе ретінде бекітіліп, одан ұзақ тұру бұйырылған.

Ханафи және Мәлики мәзһабының ғұламалары аяттағы «аулақ болыңдар» деген сөзді – «әйел кісі хайыз кезінде, оның кіндігі мен тізесінің арасынан сақтану/аулақ болу»[2] деп түсіндірген.

Сондықтан әйел кісінің хайыз уақытында онымен жыныстық қатынастан сақтану міндет. Мүшеқаппен де қатынаста болуға болмайды, кіндік пен тізенің арасынан аулақ болу керек. Ал, жыныстық қатынас орын алған болса тәубе етіп, Алладан кешірім сұрауы міндетті[3]. Себебі – тыйым салынған харам іс болғандығынан. 

Белгілі Ислам ғұламасы имам Сабуни: «Яһудилер әйелдері хайыз болса, олармен бірге жемейтін, ішпейтін және бір бөлмеде де бірге тұрмайтын. Ал, христиандар хайызға мән берместен таза кезіндегідей қатынаста болды. Ислам діні ғана орта жолды ұстанып, жыныстық қатынастан сақтану керектігін көрсеткен, ал басқа жайдайлар (құшақтау, сүю т.б) әдеттегідей»[4] деп, шариғаттың шарттарын баяндаған.

 


[1] Бақара сүресі, 222.
[2] әс-Сабуни, Мухаммед Али, Рауаиғул-Бәян, 279 бет.
[3] әс-Сабуни, Мухаммед Али, Рауаиғул-Бәян, 280 бет.
[4] әс-Сабуни, Мухаммед Али, Рауаиғул-Бәян, 277 бет.

Пікірлер Кіру