Үтір намазын бір рәкағатпен оқуға бола ма?

02 тамыз 2021 7225 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Сіздерден сұрайын дегенім, үтір намазына қатысты еді. Осы намазды бір рәкағатпен де оқуға болады деген рас па?


Жауап

Уағалейкумасссалам!

«Үтір» сөзінің қазақша мағынасы - «тақ». Яғни, жұп емес. Ғұламалардың бір тобы «үтір намазын кемінде бір рәкағатпен оқуға болатының» айтады. Ал Ханафи мазһабы ғұламаларының тұжырымы бойынша, үтір уәжіп намазы үш рәкағаттан тұрады.  Атақты «Нуруль-Идох» кітабында бұл жайлы: «Үтір намазы – уәжіп. Ол – бір сәлеммен орындалатын үш рәкағаттық намаз»,[1]– деп сипатталған.

Хадисте бұл жайлы былай айтылады:

كان يوتر بثلاث لا يوتر إلا في أخرهن

«Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үтірді үш рәкағат етіп оқып, сәлемді тек оның соңғы рәкағатында беретін»[2].

Имам Тахтауи «Мусаннаф Абу Шейба» хадис жинағында келген Хасан Басридің мына сөзін келтіреді: «Алғашқы буын мұсылмандары үтір намазының үш рәкағаттан тұратынына әрі соңғы рәкағатында ғана сәлем берілетіне бірауыздан келіскен»[3]. Сондай-ақ, имам Тахтауи үтір намаздың жоғарыда баяндалған үлгіде оқылатының Әбу Бәкір Сыддық, Омар ибн Хаттаб, Әбу Хурайра (р.а.) сынды үлкен сахабалардың және фиқһ ілімін жетік білген атақты жеті ғұламаның құп көргенін баяндайды[4]

Тағы бір деректе Сағд ибн Уаққас (р.а.) үтір намазын бір ракағат етіп оқығанда, Абдулла ибн Масғұдтың (р.а.) оған:

ما هذه البتيراء ما أجزأ ركعة قط

«Бас-аяғы жоқ бұл не нәрсе?! Бір рәкағаттық (намаз) мүлдем жүзеге аспайды» (Табарани, мкғжамуль кабир),[5] – деп айтқаны баяндалады.

Демек, Ханафи мазһабы бойынша үтір намазы үш рәкағаттан тұрады. Оны бір рәкағат етіп орындау – дұрыс емес. 

 

Дарханұлы Тамирлан
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша
пәтуаға жауапты маман

 

 


[1] Ахмад Тахтауи, «Хашият Тахтауи аля Нуруль-Идох» 508-509 беттер
[2] Имам Хаким «Мустадрок» еңбегінде жеткізген хадис.
[3] Ахмад Тахтауи, «Хашият Тахтауи аля Нуруль-Идох» 509 бет
[4] Ахмад Тахтауи, «Хашият Тахтауи аля Нуруль-Идох» 509 бет
[5] Имам Табарани «Муғжамуль-кабир» еңбегінде жеткізген хадисі.

Пікірлер Кіру