Жұмаға ғұсыл құйыну шарт па?

12 тамыз 2021 7351 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум!

Жұма намазына барар алдын жуыну керек деп жатады. Дінде ешбір амал жайдан-жай жасалмайтынын да естігенмін. Сұрағым, жұма намазға ғұсыл құйынып барудың сыры неде?


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Ақиқатында, дініміз тазалыққа ерекше мән беруге үндейді. Бұл да хақ діннің бір көрінісі болып табылады. Ислам адамның жеке тазалығымен шектелмей, жанымыздағы адамдарға да гигиена жағынан зиян тигізбеуге мән береді. Сол себепті, жаман киім немесе жағымсыз иістен аулақ болуға шақырады. Әсіресе, адамдар көп жиналатын қоғамдық орындарда.

Сондықтан, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылмандар бір-біріне зиян тигізбеу үшін ғұсыл құйынуға әмір еткен. Демек, жұма күні жуынып тазалану – сүннет. Тіпті, Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Әрбір есейген мұсылманға жұма күні жуыну – міндет[1]», – деп айтылған.

Ғалымдар жұма күні жуынудың үкімінде түрлі пікірде болғанымен, барлығы да оның маңыздылығын бірауыздан қолдайды. Өйткені, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл амалды үзбей, тұрақты түрде орындаған. Хадисте: «Кімде-кім жұма күні ғұсыл құйынып (жуынып, мешітке) ертерек келсе, көлікке мініп емес жаяу барса, имамға жақын отырып құлақ салса және бос сөз айтпаса, (мешітке) басып барған әр қадамы үшін бір жыл ораза және намаз оқығанның сауабы беріледі[2]», – делінген.

Байқағанымыздай, хадисте мұсылманның бір ізділікпен жұма күні жасайтын сүннет амалдары тізбектеліп өтті. Бұл амалдар тән мен жан тазалығының үйлесімдігін құрайды. Шын мәнінде, аталмыш сүннеттер өте жеңіл әрі пайдалы.

Түйіндей айтқанда, «...Егер оған (пайғамбарға (с.ғ.с.) бойұсынсаңдар, тура жол табасыңдар...[3]» деген иләһи әмірді ұмытпайық. Алла Тағала баршамызға пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеттерін үзбей орындаушылардан етсін!

 


[1] Бұхари, Муслим
[2] Әбу Дауд
[3] Нұр сүресі, 54-аят

Пікірлер Кіру