Зекетті туысқандарға беруге бола ма?

11 наурыз 2022 7306 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Зекетімді жақын туыстарыма берсем болады ма? 


Жауап

Зекет – мал-мүлкі нисап мөлшеріне жетпеген мұқтаж кісілерге беріледі. Сондай-ақ, тіпті пақыр болса да зекетті беруге рұқсат етілмеген жағдайлар бар. Нақты айтқанда, зекетті өз ата-анамызға, жұбайымызға және балаларымыз бен немерелерімізге бере алмаймыз. Себебі, бұл кісілерге зекет емес, нәпақа берілуі тиіс.

Ал туған-ағайын туыстар, әпке-қарындастар және жоғарыда айтылғандардан басқа жақындар бұл санатқа кірмейді[1]. Егер бұлар мұқтаждардың қатарында болса, оларға зекет беруге рұқсат етіледі. Оған қоса бұл зекеттің сауабымен қатар туыстық қатынасты нығайтудың сауабы да беріледі. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл жайында:

 الصدقة على المسكين صدقة، وهي على ذي الرحم اثنتان؛ صدقة وصلة

«Қандай да бір міскінге садақа беру – бір садақа (есебінде). Ал оны тұған туысқа беру – екі садақа (есебінде): садақа беру әрі туыстық қатынасты нығайту»[2], – деген.

Имам Тахтауи: «Зекетті жақын туыстарға берген абзал. «Ан-Наһр» атты кітапта былай делінген: «Ең жақсысы зекетті мұқтаж болған туған ағайындарға, сосын олардың балаларына, одан кейін көкелеріне, содан соң нағашыларына, сосын басқа туыстарына, содан кейін көршілеріне беру»[3], – деген деректі келтіреді.

Демек, зекетті пақыр туған ағайындарға беру - дініміз құптайтын амалдарға жатады. Басқа мұқтаждардан қарағанда жағындардың орны ерекше әрі оларға берілетін қайр садақаның сауабы молырақ.

Дарханұлы Тамирлан
Нұр-Сұлтан қаласының пәтуаға жауапты маманы

 


[1] Абдул-Ғани ал-ғунейми, «Любаб фи шархи китаб» 165 бет.
[2] Имам Ахмад және Имам Тирмизи жеткізген хадис.
[3] «Хашияту Тахтауи аля Нурул-идах», 722.

Тегтер: зекет нисап

Автор: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру