Намазда түшкіріп, «Альхамду Лилля» десе – намаз бұзыла ма?

07 желтоқсан 2022 4810 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Намазда тұрған кезде еріксіз түшкіріп, сосын «Альхамду Лилля» десем, намаз бұзыла ма?


Жауап

Жалпы тұрғыда намаз барысында Құран аяттары мен сүннетте келген дұға және зікірден басқа қандай да бір сөз айту намазды бұзады[1]. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

وقِرَاءَةُ القُرْآنِ والتَّكْبِيرُ التَّسْبِيحُ هو إنَّما النَّاسِ، كَلَامِ مِن شيءٌ فِيهَا يَصْلُحُ لا الصَّلَاةَ هذِه إنَّ

 «Расында, бұл намаз! Оның ішінде адамның сөзін айту дұрыс емес. (Намазда жасалатын) іс - таспих, тәкбір және Құран оқу»,  – деп айтқан [2]

Алайда зікір мен дүға сөздері (Алланың есімі аталған сөздер) намазды бұзбауы үшін келесі шарттар қойылады:

  • Адам баласының күнделікті сөйлейтін, адамнан сұрай алатын дүниелердің болмауы[3]
  • Біреуге жауап ретінде қолданылмауы[4]
  • Біреуді үйретуді көздемеу[5]

Демек, бір адам намазда «Уа, Алла! маған әдемі киім кигізші» десе, намазы бұзылады[6]. Себебі, әдемі киімді адам баласынан сұрауға болады. Ал Жәннатқа кіру, тозақтан алыс болуды дұға ету намазды бұзбайды. Өйткені бұны тек Алла Тағаладан сұрауға болады. Басқа ешкім бұндай талапты (дұғаны) орындауы мүмкін емес.

«Жауап ретінде қолданылмауы» деген шартқа қатысты айтатын болсақ, мысалға бір кісі «Ассаляму аляйкум» деп сәлем бергеннен кейін, намаз оқып тұрған кісі «Уа аляйкум ассалям» деп жауап қатса, оның намазы бұзылады[7]. Себебі, бұл сөз сәлемге жауап ретінде қолданылады. Яғни, бұл басқа біреумен тілдесу ретінде саналып, намазды жарамсыз етеді.

 Осыған орай, бір адам түшкіргенде «Альхамду лилля» (Барлық мақтау Аллаға тән) деп айтса, намазы бұзылмайды.  Өйткені, бұл сөз зікірге жатады әрі біреуге жауап ретінде пайдаланбайды[8]. Тіпті бір адам түшкіргенде намаз оқып тұрған басқа бір кісі оған жауап ретінде «Альхамду лилля» дегеннің өзін де намазына кедергі болмайды. Себебі, аталмыш сөз зікір әрі дұға есебінде ғана.  «Альхамду лилля» деген сөз жауап ретінде қолданылмайтындықтан сөйлесу үкіміне жатпайды[9]. Бәрімізге мәлім мәселе, түшкірген кісіге «Альхамду лилля» емес, оған «Ярхамукалла» (Алла сені жарылқасын) деп жауап қайтарылады.

«Альхамду лилля» сөзі тек қана біреуді үйрету мақсатында айтылған кезде ғана намазды бұзады. Себебі, намаз, ол – құлшылық. Намаз барысында біреуді үйрету немесе үйренуге тыйым салынады.

Қорытынды: Намазда бір кісі түшкіріп, біреуді үйретуді мақсат етпей «Альхамду лилля» десе – намазды бұзбайды.

                                                                           Дарханұлы Тамирлан
                                                                       Нұр-Cұлтан қаласы бойынша
                                                                           пәтуаға жауапты маман

 


[1] Хасан ибн Амир Шурунбуляни "Мароқил-Фалах", 437 бет
[2] Имам Ахмад жеткізген хадис
[3] Хасан ибн Амир Шурунбуляни "Мароқил-Фалах", 437 бет
[4] Хасан ибн Амир Шурунбуляни "Мароқил-Фалах", 442 бет
[5] Хасан ибн Амир Шурунбуляни "Мароқил-Фалах", 443 бет
[6] Хасан ибн Амир Шурунбуляни "Мароқил-Фалах", 437 бет
[7] Хасан ибн Амир Шурунбуляни "Мароқил-Фалах", 437 бет
[8] Хасан ибн Амир Шурунбуляни "Мароқил-Фалах", 441 бет
[9] Хасан ибн Амир Шурунбуляни "Мароқил-Фалах", 441 бет

Автор: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру