Акушердің мұсылман болуына себеп болған оқиға

18 қыркүйек 2019 7395 0
Оқу режимі

Күндердің күнінде АҚШ-тың бір штатында Урифа деген акушер-дәрігер (әйел кісі) болыпты. Бірде оның алдына толғағы келіп тұрған мұсылман келіншек келеді. Оны ары-бері қарап, босанатын уақыты келгенін мәлімдейді. Бірақ, қанша толғақ келгенімен ол күні босанбайды.

Ертесіне Урифа мұсылман әйелге: «Менің қызмет уақытым аяқталды. Қазір басқа дәрігер ер кісі келеді. Сол сізді босандырып алады», – дейді. Мұны естіген мұсылман: «Жоқ, мен ер азаматтың алдында босана алмаймын. Мүмкін болса басқа әйелді алдыртсаңыз. Біздің дінімізде мұндайға жол жоқ», – дейді табандылық танытып. Мұны естіген Урифа таңданып, келісіп, орнына әйел дәрігерді дайындап кетеді.

 Содан бір күн өтіп, Урифа қайта жұмысқа түседі. Келе сала ең алдымен әлгі мұсылман әйелдің жағдайын сұрауға барады. Сөйтсе, ол босанып қойған, демалып жатады. Урифа жақындап, жағдайын сұрайды. Мұсылман Құдайға шүкіршілігін айтып, ризашылығын жасырмайды. Мұндай діндарлығына таңданған Урифа: «Сіз дінді қатты ұстанатын секілдісіз, жаныңызға бөтен еркек жақындатпайсыз, екі сөздің бірінде Құдайға шүкіршілік айтасыз, исламда босанғаннан кейін енді не істеу керек?» – деп қызыға сұрақ қояды. «Дінімізде босанған әйелде кем дегенде 40 күн бойы қан айналымы (нифас) жүреді. Сол уақытта күйеумен жақындасуға болмайды. Бұған қоса, сол аралықта жақсы тамақтанып, денсаулыққа күтіммен қарау керек» дей бергенде Урифа: «Иә, білемін. Қазіргі уақытта біздің елде көптеген әйелдер осындай уақытта күтінбестен, жақындасып қойып, артынша түрлі ауруларға шалдығып жататыны бар. Бұл ғылымда дәлелденген», – дейді. Сонда мұсылман әйел: «Бұл мәселе 14 ғасыр бұрын Құранда айтылып кеткен. Ал, ғылым бұны енді біліп жатыр», – дейді. Урифа таңданысын жасыра алмай: «Бұл қалай сонда?» – дейді. «Расымен де, әйел адам ондай уақытта құлшылық жасай алмайды, ораза ұстай алмайды, тазарғанша біршама үзілісте болады», – дейді мұсылман келіншек.

Сол уақытта Урифа баланы көрейін деп жақындаса, анасы оны оң қырымен жатқызып қойғанын көреді. Сонда Урифа: «Расында, баланы бұлай жатқызу арқылы жүрек соғысы жеңілдейді және жақсы тыныс алады. Мұны қайдан білдіңіз?» – деп таң қалады. Мұсылман әйел күлімсіреп: «Бұл – біздің ардақты Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың үйреткен жолы», –деп қысқа қайырады.

Осындай ақпараттардың өзі Урифаны исламды танып-білуге құштар етеді. Содан ол бір айдан соң жұмыстан еңбек демалысын алып, исламды оқуға кіріседі. Ол жерде көптеген медициналық деректерді оқып, исламның ақиқат дін екеніне көзі жетеді. Содан Урифа исламды қабылдап, бүгінде діндегі ғылыммен байланысты ақиқаттарды жазумен айналысып келеді екен.      

Жалғас АСХАТҰЛЫ 
дінтанушы

Дереккөз: kazislam.kz сайтынан

Пікірлер Кіру