AЛЛА ҮШІН БОЛМАҒАН КЕЗ КЕЛГЕН АМАЛ БЕКЕРШІЛІК

30 қараша 2023 1346 0
Оқу режимі

Худ сүресінің 15 және 16-шы аяттары Aлла Тағалаға иман етпесе де дүниеде байлық пен сән-салтанатта рақат өмір сүрушілер жайында. Бұл аяттар былай тәпсірленген:

Aмалдар ниетке байланысты. Сол үшін мақсаты тек дүние болғандардың еңбегі мен ықыластарының қарымы мына дүниеде толығымен, тіптен артығымен беріліп, түгесіледі. Яғни кімде-кім Аллаға және Расулына сенбей, діни, ақыреттік мүдде көздемей, тек дүниелік өмір мен соның рақатын тілесе, мұраты мен ниеті тек соны көксеп, сол үшін еңбектенсе, амалдарының қарымын да осы  дүниеде қалай да алады.

Бұдан “Oлардың бәрінің бүкіл дүнияуи мақсаттары орындалады” дегендей мағына шықпайды. Бұдан түсінетініміз мынау; еңбектенгеннің бәрі қажыры мен амалының қайтарымы ретінде сөзсіз бір нәтижеге қол жеткізеді. Бұл қалауы ойындағыдай болмағанмен, амалының құнынан кем болмайды. Еңбектерінің нәтижесі ретінде олар дүниеде саулыққа, мансап пен қызметке, тұрмыстық молшылыққа, т.б. қауышады. Aлла мен Расулына сенбесе де, қолдағы мүмкіншіліктерімен жоқ-жітікке көмектесіп, жол, көпір, су құбыры салдырғанмен, бұлары өздеріне ақыретте еш пайда бермейді. Алла Тағала oларға бұл амалдарының қарымын дүниеде береді.

Сол үшін ең басты мақсаттары пәни дүниелік өмір мен соның рақаты болған жанның істегендерінің қарымы да осы дүниеден әріге бармайды. Мәңгілік ақыреттік өмірге жетпейді. Олар мақсаттары мен ниеттеріне сай күш-жігері мен амалдарының барлық пайдасын дүниеде көрген, бітірген. Ақыретте оларға оттан басқа ештеңе жоқ. Өйткені дүниелік өмір жаратылысынан пәни болғандықтан, оны ұстап қалу, әрлеу қалай қылғанмен де құр әурешілік. Ажал жеткенде ешкімді қалдырмайды, сыпыра әкетеді. Анықтап айтқанда, Алладан басқа бәрі пәни болғандықтан, тек Алла ризашылығы үшін істелмеген кез келген амал бекершілік.

Пікірлер Кіру